Адам сенгісіз сәйкестіктер

Oinet.kz 30-11-2018 567

Кездейсоқтық болмайды, заңдылық бар дейді әдетте. Тарихта мәселен көптеген қызықты сәйкестіктер кездеседі. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынайық.

Гаврило Принцип және эрцгерцог Франц Фердинанд

Тарихтан білеміз, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Австрия эрцгерцогы Франц Фердинандқа жасалған қастандық себеп болған. Осы қастандықты жасаған серб-босниялық революционер Гаврил Принцип өз ойын  кездейсоқ жағдайға  байланысты іске асыра алған. Эрцгерцогқа жоспарланған алғашқы қастандық толығымен күйрейді. Осыдан кейін радикал істі өз қолына алуға шешім қабылдайды. Франц Фердинанд әйелімен келе жатқан автомобильдің жүргізушісі сол күні байқамай басқа жолға түсіп кетеді. Қателескенін білген жүргізуші тоқтап, кейін қарай қайтуға бұрыла бастайды. Сол жерде кездейсоқ табылған Принцип бұл келген мүмкіндікті жіберіп алғысы келмей, бірнеше рет оқ атып, эрцгерцогты өлімші етіп жаралайды.

Кім біледі, егер де эрцгерцог жүргізушісі жолдан адаспағанда біз ешқашан да бірінші дүниежүзілік соғыс туралы естімес пе едік.

Эдвин Бут және Роберт Линкольн

Америкада президентке қастандық жасау Авраам Линкольннен басталған. А.Линкольннің өлімінен сәл ғана бұрын оның баласы Роберт Нью-Джерси штатына саяхатқа шығады. Пойыз қозғалған кезде жас Линкольн өзін-өзі ұстай алмай қалып, платформаға құлап кетеді де жоғарыға көтеріле алмай қалады. Оның бақытына орай, жақын жерде тұрған бір адам жас баланың пальтосының жағасынан тартып, қауіпсіз орынға шығарып алады. Оның құтқарушысы актер Эдвин Бутт еді. Ал көп ұзамай оның туған ағасы Джон Уилкс Бут президент Авраам Линкольнды өлтірді.

Ли Харви Освальд және Джон Кеннеди

АҚШ президенті Джон Кеннедиге қастандық жасалардан тура бір ай бұрын Ли Харви Освальд Техастың кітап қоймасына жұмысқа тұрады. Кейіннен ресми мәліметтерге сай, Американың 35 президентіне қастандық жасаған кезде тасаланатын орынды осы жерден таңдаған. Осыдан кейін Освальд сол жерге жұмысқа тұрмағанда оқиға қалай өрбір еді деген сұрақ туатыны заңды.

Ричард Лоуренс және Эндрю Джексон

1935 жылы Ричард Лоуренс АҚШ-тың сол кездегі президенті Эндрю Джексонға қастандық жасады. Ол екі кремний пистолетін сатып алады. Президенттің артынан көздеп басып қалады. Бірақ та пистолет от алмай қалды. Жалма-жан екінші тапаншаны алып, жақындап барып атып қалады. Алайда, екінші пистолет те атпай қалады. Екі әрекеті де сәтсіз аяқталып, қорғаушылар сол жерде ұстайды. Осыдан кейін полицейлер қаруларын алып тексерген, екеуі де жақсы жағдайда тұрғаны анықталды. Президентті Құдай сақтаған еді.  

Джеймс Дин және оның көлігі

Джеймс Дин ХХ ғасырдың елуінші жылдарындағы Голливудтың белгілі актері. Ол 1955 жылы өзінің үнемі мақтан ететін «Кішкентай жетесіз» деп атайтын өте қуатты спорттық кабриолеті Porsche Spyder көлігімен апатқа ұшырап, қаза болды. «Кішкентай жетесіз» осы қайғылы оқиғадан кейін де жаманшылық әкелуін жалғастыра берді.

1. Апаттан қатты бүлінген көлікті гаражға жеткізеді. Оны тіркемеден түсіріп жатқан кезде құлап кетіп, автомеханиктердің бірін ауыр жарақаттайды.

2. Уильям Эшрих атты хирургтің спорттық автомобиліне «Кішкентай жетесіздің» моторы салынады. Кезекті бір жарыс кезінде спорткарды басқара алмай қалып апатқа түсіп, Эшрих одан тірі шықпады.

3.  Porshe жаман атымен шықса да, оны қалпына келтіруге құштарлар аз болмады. Алайда, ол жөндеуде тұрған гараж таңданарлық жағдайда түгі қалмай өртеніп кетті.

4. Мұнан соң бұл автокөлік Сакраменто қаласындағы көрмеге қойылады. Сонда подиумнан құлап кетіп, өтіп бара жатқан жасөспірімнің жамбас сүйегін қатты жарақаттайды.

5. 1959 жылы автокөлік белгісіз себептермен 11 бөлікке бөлініп кетті, осылайша оның «өмірі» аяқталды.

Марк Твен және Галлея кометасы

Жазушы Марк Твен 1835 жылы Галлея кометасы Жер планетасына өте жақын жерден өткен күні дүниеге келді. Ал 1910 жылы дүние салған күні өзі айтып кеткеніндей, комета тағы да Жер орбитасына жақын жерден көрінді.

«Титаник» және  Титан

«Титаник» кемесі Атлант мұхитында ажал құшарынан бірнеше жыл бұрын жазушы Морган Робертсонның қаламынан «Тұңғиық» романы дүниеге келді. Оның осы кітабындағы алып кеменің суреттемесі «Титаникке» өте ұқсас еді. Кітаптағы кеме атауы «Титан» болатын. Роман желісі бойынша кеме айсбергке соқтығысып, көптеген жолаушыны өзімен бірге су түбіне алып кетеді.

Людовик XVI және 21 саны

Франция королі Людовик ХVI-ға бала кезінде бір астролог әрбір айдың 21-ші күнінде барынша сақ болуды ескертеді. Бұл қорқынышты болжамнан қатты сескенген король 21-ші күнге ешқандай іс жоспарламайтын болған.

Әйтсе де Француз революциясы оның бұл әдетінен  бас тартуына себепкер болды. 1791 жылы 21 маусым күні елден қашпақшы болған король мен королеваны тұтқынға алады. Сол жылдың  21 қыркүйегінде Франция республика болып жарияланды. Ал 1793 жылы  21 қаңтарда  король Людовик ХVІ-ның басы  гильотинмен алынады.

Иосиф Сталин және Ақсақ Темір

1941 жылы Сталин археологтарға Самарқанда жерленген Ақсақ Темірдің табытын ашып зерттеуді тапсырады. Ал оның табытының бетін жапқан тастардың бірінен  «Менің мүрдемді ашатын болса, қантөгіс соғыс басталады» деген мағынадағы сөздер жазылғанын анықтайды. Ғалымдар не істерін білмей қалғанмен, бұл Сталиннің тапсырмасы болғандықтан, амал жоқ жұмысты әрі қарай жалғастыруға мәжбүр болған. Бұл 1941 жылдың 19 маусымы болатын. Даңқты қолбасшының сүйегін  Мәскеуге жөнелтеді. Екі күннен кейін Гитлерлік Германияның армиясы Кеңес Одағы территориясына басып кірді.

Белгілі антрополог Герасимов Ақсақ Темірдің портретін жасап шығарғаннан кейін Сталин Ақсақ Темірді қабіріне қайта жерлеуге тапсырма береді. Осыдан кейін барып неміс әскерлеріне тойтарыс беру басталады.

Әзірлеген

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ

Жер бетіндегі таңғажайып 7 құбылыс
Психологиялық тест: «Сағаттың бірін таңдаңыз!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу