«Мудараба» деген не?

Oinet.kz 14-08-2020 1075

«Мудараба» деген – "ақша - менен, жұмыс - сенен" деген принцип негізінде жүргізілетін сауда түрі. Яғни, бір кісі сенімді, әрі сауданы жүргізе алатын екінші бір адамға (мұсылман болуы шарт емес) қаражат береді де, ол сол қаражатты саудаға салып, ақшаны істетеді. Түскен пайда соңында келісім бойынша өзара бөлінеді. 

ehB8RrqXBkG0PY8S-lg.jpg

Қаражат құюшыны, яғни, салымшыны «Раббуль Мәл» десе, сол қаражатпен сауданы жүргізетін кісіні «Мудариб» дейді. (Біз мұның баламасын "іскер" деп алып отырмыз). 

Мудараба келісімі – өзара ризалықты білдірер келісім сөздеріне сүйенеді. Оны «ижәб және қабуль» дейді. Бұл - мудараба келісімінің рүкні саналады. Онсыз келісім туындамайды. Осы негізге сай, мудараба саудасына салынатын соманың мөлшерін және кейіннен бөлінер пайданың мөлшерін нақты келісіп алулары шарт. Келісім екі жақты мақұлданған болса ғана, мудараба келісімі туындаған болады. Мысалы, қаражат бөлуші кісі, сол қаражатты саудаға салып, кәдеге асырушы тарапқа: «Мына қаражатты ал. Онымен сауда жүргіз. Пайдасы елу-елу (немесе үште бірі т.б.) болсын» десе, істетуші тарап та мақұл көрсе, мудараба келісім шарты туындаған болады. 

Мударабаның түрлері

Мудараба «шектеусіз мудараба» және «шектеулі мудараба» болып бөлінеді. Шектеусізі арабша «мұтлақ» деп аталса, шектеулісі «мұқайәд» терминімен белгілі.

1. Салымшы тарапынан ешқандай қосымша талап-шарттар мен шектеулер қойылмаған мударабаны - «шектеусіз мудараба» дейміз.  

2.Егер, қаражат бөлуші тарап, яғни, салымшы әлдебір шектеулер қойып жатса, ол  - «шектеулі мудараба» делінеді. Мысалы, сауда жүргізуші іскер кісіге «осы қалада ғана сауда жүргізесің» десе, немесе «мына тауар түрімен ғана айналысасың» десе, яки «пәлен уақыт қана» деп белгілі уақытпен шектесе, не болмаса, белгілі бір адаммен ғана сауда-саттық жасасасың деген сияқты қосымша талаптар қойылып жатса, мұны шектеулі мудараба деп атайды.

Келісім шартты бұзу құқы

Ақшаны істетуші тарап (мудариб) іске кіріспей тұрып, екі жақ та келісімді «фәсх» етуге, яғни, тоқтатуға құқылы. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ.

Қаржыны саудаға салып, іске кірісіп кеткеннен кейін де Ханафи мәзхабы бойынша, екі тараптың қай-қайсысы болса да келісімді бұзуға құқылы. Шәфиғи және Ханбали мәзхабтарында да солай. Бірақ, Ханафи мәзхабында мұндай жағдайда сауда тауары түгел сатылып, нақты ақшаға айналған болуы тиіс, әрі, келісімді бұзатыны жөнінде екінші тарапты хабардар етуі шарт. Егер, әлі сауда тауарлары сатылып, нақты ақшаға айналмаған болса, заттарды сату үшін қосымша уақыт тағайындалады.  

Мударабаның шарттары

Мударабаның өзіндік шарттары бар. Бұл шарттар табылмаған жағдайда келісім фәсид болады (яғни, бұзылады). 

1. Өкілеттілік шарты. Салымшы да, іскер де ақыл-есі дұрыс, ақ пен қараны айыра білетін жастағы адам болулары тиіс. Екінші тараптың мұсылман болуы шарт емес. Мұсылман емес өзге дін өкілдерімен де мудараба келісімшартын жасаса беруге болады.

2. Бөлінетін қаржы қолданыстағы нақты ақша түрінен болуы ләзім. Заттай салынатын салымға мудараба келісім шартын жасаспайды. Ақшалай болуы керек. Бірақ, затты/тауарды сатып, оның ақшасын мударабаға қолданса болады. Мысалы, іскер адамға: «Мына тауарды сатып, оның ақшасымен мудараба саудасын жүргіз» десе, әрі екінші тарап та мақұл көріп, ол тауарды сатып, нақты ақшаға айналдырса, мудараба келісімі туындаған болады.

3. Қаржы қолда тұрған болуы керек. Біреудегі қарыз ақшасына немесе басқа біреудің ақшасына мудараба келісімі жасалмайды. Бірақ, салымшы: «Пәлен адамдағы қарыз ақшамды алып, сонымен мудараба жаса» десе, әрі сауда жүргізуші екінші тарап та мақұл көрсе, мудараба келісімі туындайды.

4. Берілетін қаржының мөлшері, көлемі анық-айқын болуы шарт. Салынатын ақшаның мөлшері белгісіз болған жағдайда мудараба келісімі туындамайды. Өйткені, салым ақшаның белгісіздігі – түсер пайданың белгісіз болуына алып келеді.

5. Қаржы – сауда жүргізетін іскердің қолына толықтай тапсырылуы тиіс. 

6. Пайданың мөлшері белгілі болуы тиіс. Пайданың белгісіздігі себепті жанжал тууы мүмкін. Сондықтан, келісім өз күшіне енбейді.

7. Екі жаққа бөлінетін пайдың мөлшері нақты көрсетілген болуы шарт. Мысалы, елуге елу (50/50), немесе үштен бірі (1/3), төрттен бірі (1/4), бестен бірі т.б. деген сияқты. Ал, егер, мысалы, былай айтса: «Түскен пайданың пәлен мыңы менікі, қалғаны саған қала берсін» десе, бұл кезде келісім бұзылады. Өйткені, бұлай болған жағдайда, бір жақтылы пайда түсіріп, екінші тарапқа еш пайда қалмай қалуы мүмкін.

Пайда түскен болса, онда мудариб (іскер) келісілген үлесін алады. Ал егер табыс болмаса, оған пайда жоқ.

Салымшы өзінің салған негізгі салым ақшасын қолына алмай тұрып, мудараба саудасынан түскен пайданы бөліспеді. Алдымен негізгі салымды айырып алып, одан соң табысты екеу ара келісім бойынша бөліседі.

Мударабадан туған құқықтар

1. Салымшының ақшасы мударибтің қолында аманат ретінде қаралады. Сондай-ақ, салымшы өкілеттілік беруші ретінде саналады, ал, мудариб болса, оның өкілі іспетті (уакиль).

2. Іскер саудадан табыс түсірсе, түскен пайдаға ортақтасады. Келісілген үлесін алады. Ал, салған қаржысынан пайда түсірмесе, ол «серіктес» саналмайтындықтан қолындағы негізгі салымнан өзіне пай айыра алмайды.

3. Егер сауда шығынға ұшырайтын (банкрот) болса, іскер шығынға ортақтаспайды. Шығынның зияны салымшыға болмақ.

4. Шектеулі емес мудараба түрінде, іскер, яғни, сауданы жүргізуші кісі (мудариб) келісімге сай еркін саудасын жүргізуіне құқылы. Мысалы, басқа қаладан тауар алып келуі мүмкін, басқа біреуді өзіне өкіл етіп алуы мүмкін, тауарды несиеге (рассрочка) немесе нақты ақшаға беруі мүмкін т.б.  

5. Шектеулі мудараба түрінде салымшының қойған шектеулеріне сай әрекет етілуі тиіс. Өйткені, ол салымшының өкілі саналады. Өкіл өкілеттілік берушінің қойған шегінен шықпай ісін жүргізеді. Мысалы, тек осы қалада сатасын десе, басқа қалаға кетпеуі керек. Немесе тек осы тауарды сатумен айналыс десе, сол тауарды сатумен айналысуы тиіс.

Мудараба келісімінің тоқтатылуы

Мына жағдайларда мудараба саудасы тоқтатылады:

1. Келісуші екі тараптың бірі қайтыс болса.

2. Келісуші екі тараптың бірі ақыл-есінен айырылса.

3. Салымшы тарап мүртәдд болып, қазы тарапынан өлім жазасына кесілсе, Әбу Ханифаның тұжырымынша мудараба келісімі батыл болады, өз заңдылығын тоқтатады. (Іскер мүртәдд болса, мудараба бұзылмайды).

4. Мудараба саудасына құйылған қаржы жойылса, мудараба келісімі бұзылады. Мәселен, іскердің қолындағы ақша әлі тауар сатып алмай тұрып жойылса, мудараба келісімі бұзылады.

Абдусамат Қасым

Хайыз, нифас және истихаза дегеніміз не?
Қолға сия жұқса, дәретке кедергісі бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу