Қиналғанда оқылатын намаз

Oinet.kz 15-08-2020 1026

Намаз – бар ісіңізді ысырып қойып, Аллаға құлшылық етуді білдіреді. Осы орайда, кейде Қажет не Қажеттілік намазы деп аталатын нәпіл намаздың орны бөлек. Көп жағдайда ол қиналғанда оқылады. 

Тәһәжжүд-намазын-түннің-қай-уақытында-оқыған-дұрыс.jpg

Өмір қиындықсыз болған ба?! Ондайда мұсылман адам барынша сабыр етеді. Аллаға мінәжат етіп, қол жайып, көмек сұрайды. Мүминнің қаруы – дұға. Дұға үлкен-кіші барлық түйткілді мәселелеріміздің шешілуінде үлкен рөл ойнайды. 

Қажеттілік намазының маңызы еленбей жататыны өкінішті-ақ. Риуаяттарға қарасақ, жаздың бір күні сахаба хазірет Әнасқа (р.а.) бақша күтушісі келіп, көптен жауын жаумай, бақшаның қурап бара жатқанын мұң етеді. Бұны естігенде, хазірет Әнастың есіне Расулалланың «Қандай да бір тілегі бар жан екі рәкат намаз оқып, Аллаға дұға етсін» деген кеңесі түседі. Іле дәрет алып, намазға тұрады. Сәлем бергеннен кейін бақша күтушісіне: «Аспанға қарашы, ештеңе байқалмай ма?» деп сұрайды. Бақша күтушісі «Ештеңе байқай алмай тұрмын» дейді. Хазірет Әнас қайтадан ішке кіріп, намаз оқуын жалғастырады. Бірнеше рет бақша күтушісінен «Аспаннан ештеңе байқалмай ма, қарашы?» деп сұрағанда, ол әлден уақытта «Шөкімдей бір бұлт көрдім» дейді. Хазірет Әнас намазы мен дұғасын тағы да жалғастыра түседі. Сәлден кейін бақша күтуші хазірет Әнастың жанына келіп: «Аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауа бастады» дейді. Бұны естігенде Әнас (р.а.) «Қане, атыңа мін де, жаңбыр қай жерлерге дейін жауғанын байқашы» дейді. Маңайды байқап қайтқан бақша күтушісі жаңбырдың тек хазірет Әнастың үлкен бағының көлеміне ғана жауғанын айтады (Ибн Сағыд, әт-Taбақатул-кубра, 7 т. 21-22 б.)

Қажет намазының қадірін білмейміз

Құранда «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Әй, иман еткендер, Алладан сабырмен және намаз арқылы көмек сұраңдар. Алла сабыр еткендермен бірге екені күмәнсіз» делінген. Бұл аят та дұға мен намаздың қатар атқарылуы тиістігін ұқтыруда. Мұсылман зерттеушілердің бірі Қажет намазын мұсылмандардың аса бір елей бермейтініне қынжылып былай деген: «Біз мүминдер Қажет намазы секілді теңдессіз қазынамыз бар екенін біле бермейміз. Өкініштісі сол, мұсылмандардың көпшілігі бұл намазды оқи бермейді».

Сахабалардың арасында Әбу Муалллақ (р.а.) есімді саудамен айналысатын бір кісі бар еді. Бір жолы сауда мақсатында сапарға шықты. Ол уақыттарда жол жүру қауіпті болатын. Осы себепті қандықол қарақшының қолына түсіп қалады. «Нең бар, әкел, әйтпесе, сені өлтіремін» дейді тонаушы. Оның қорқытқанына Әбу Муалллақ: «Мақсатың дүние болса, барымды ал» дейді. Бірақ қарақшы тек дүниесін тартып алуды емес, оны өлтіріп, ізін жасырғысы да келген еді. «Мен сені бәрібір өлтірмей тынбаймын» дейді. Әбу Муалллақ қарақшыдан намаз оқуға рұқсат сұрайды. Рұқсат берген кезде, Әбу Муалллақ намаз оқып, дұға етеді. Дұғасын үш рет қайталап бет сипағанша, қаруы бар бір атты кісінің шауып келіп, қарақшыны найзамен түйреп өлтіргенін көреді. Әбу Мылақ аттының кім екенін сұрағанда, дұғасына қарай көмек үшін жіберілген періште екенін біледі. Және де ол былай дейді: «Мынаны біліп қой, дәрет алып төрт рәкат намаз оқыған әрі осы дұғаны айтқан адам қиыншылыққа ұшырасын-ұшырамасын дұғасы қабыл болады» (Ибн Хажар, әл-Исаба, 4 т. 182 б.)

Қажет намазы қалай оқылады?

Қажеттілік намазын екі, төрт немесе он екі рәкат ретінде оқуға болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір риуаят бойынша, Қажет намазының алғашқы рәкатында Фатиха сүресінен кейін үш рет Аятул-курси, өзге рәкаттарда кезегімен Ықылас, Фәлақ, Нас сүрелері оқылады. Намаз аяқталғанда, Аллаға мақтау әрі пайғамбарымызға салауат айтылғаннан кейін мына дұға оқылады:

«Аллаһумма инни әсәлукә тауфиқа әхлил-хүда уә амала әхлил яқини уә мүнасахата әхлит-таубати уә азма әхлис-сабри уә жидда ахлил-хашияти уә талаба әхлир-рағбати уә таббуда әхлил-уәра и уә ирфана ахлил-илми хатта ахафак. Аллахумма инни әсәлука махафатән тахжизуни ан масиятикә хатта амала би-таатикә амалән әстахиққу бихи ризакә уә хатта үнасыхакә бит-тәубати хауфән минкә уә хатта ұхлиса ләкән-насихата хуббан ләкә уә хатта әтауаккала алайкә фил-умури хусни заннын бикә. Субхана һалиқин-нур».

Дұғаның мағынасы мынандай:

«Аллаһым, өзіңнен тиісінше қорқу үшін тура жолдағылардың жетістігін, терең иман иелерінің амалын, тәубешілдердің бір-біріне насихат айтуын, сабырлылардың жігерін, (Алладан) қорқатындардың байыптылығын, тілекшілердің тілегін, дүниеге қызықпайтындардың құлшылығын, ілім иелерінің ирфанын (Алланы танытуы) сұраймын. Аллаһым, сенен сондай бір үрей сұраймын, сол үрей мені жамандықтан (саған қарсы келуден) тежесін. Саған бағына отырып амал жасайын, сөйтіп разылығыңа жетейін. Өзіңнен қорқып, тәубемен өзіңе бетбұрайын. Сүйіспеншілігіңе қол жеткізу үшін шынайы насихат айтайын. Әр істе өзіңе сенім артып, өзіңе арқа сүйейін. Сен туралы жақсы ойда жүрейін. Нұрды жаратушы Алланы ұлықтаймын».

Кейбір дерек көздерінде аталған намазды Түнгі намаздан кейін оқу керек делінсе де, әркім өзінің жеке жағдайына қарай бір қиындыққа тап болғанда немесе Алладан бір нәрсе сұрағысы келгенде оқыса болады.

Төрт рет оқысаң тозақ отынан құтқаратын дұға
Мұсылманға пайда әкелмейтін сегіз нәрсе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу