Балаға құлшылық жасауға тыйым салған дұрыс па?

Oinet.kz 31-05-2019 1687

Screenshot_4.jpg

           Жаз маусымы оқушылардың сабақ оқудан босап, көңілдерін көтеретін кезеңі. Баланың жазғы демалысын тиімді өткізу бала үшін де, ата-ана үшін де маңызды мәселе. Сабақтан уақытша қол үзген соң бар уақытын ойынмен, қыдырумен өткізген баланың есіл уақыты қайран кетті дей беріңіз. Сондықтан әрбір ата-ана баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыра білгені жөн. Мәселен ойын, жазғы лагерлерден бөлек баланы түрлі курстарға қатыстыруға болады. Сондай-ақ соңғы кездері жас баладан еңкейген қарттарға дейін қауіп төндіріп отырған жат ағымдардың көбеюіне байланысты, адам санасын ислам түсінігінен жаңлыстыратын миссионерлердің қаптауынан перзентіне діни сауат беруші ата-аналардың да қатары көбейіп келеді. Балалардың демалыс уақытында  имандылық білім мен тәрбие алуына, Ислами танымдық тұрғыда білімін аттыруға жағдай жасау мақсатында Қазақстан Мұсылмандар Діни басқарамасынан берілген нұсқаулар бойынша еліміздегі мешіттерде  жазғы лагерлер ұйымдастырылуда. Олар күн тәртібі бойынша, белгіленген уақыттарда имандылық сабақтарына қатысады. Мұндай лагерлерде балаларға  Құран әліппесі, Құран оқып үйрену, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі жайлы түсінік беру тағы да басқа дәрістер тыңдап, араб тілінен сабақ жүргзіліп, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Әрине лагерге   бала тек  ата-анасының рұқсатымен ғана қабылданады.

          Жалпы дін тақырыбы баланың санасына ауыр тиетіні анық. Сондықтан балаға оны дұрыс түсіндіру, насихатты жеңіл, қарапайым мысалдармен жеткізу маңызды. Мамандар   әлі санасы қалыптаспаған бала үшін бұндай мәселелерді түсіндіру үшін мына мәліметтермен таныс болу керек дейді. 2-3 жастың ерекшелігі ретінде айтар болсақ, бұл кезде баланың сөздік қоры, бағалаушылығы мен сенімдері қалыптаса бастайды. Мамандар бұл уақыттарда балаға маңайындағылардан Алла, пайғамбар, періште деген секілді сөздерді жиірек естіртуге кеңес береді. Бала 3-4 жасынан бастап көп сұрақ қоя бастайды. Бұл баланың қызығушылығын білдіреді. Әр тақырыпта сұрақ қояды. Жаратушыға қатысты да сұрақтарды осы кездерде қоя бастайды. Бір ескерте кетерлігі, балаға бұл кездерде берілетін жауаптар олар түсінетіндей өте ұғынықты, қысқа әрі мысалдармен болғаны жөн. Бұған қоса, себебін көп сұраған жайттарына пайдалары мен мақсаттарын ашатындай етіп, олардың деңгейлеріне лайықты жауаптар берілуі тиіс. 5 жастарында ол сүйіспеншілік туралы ұғымдарды үйрене бастайды. Бұл кезде оларға Алланың бізді қаншалықты жақсы көретінін, жаратқан нәрселерімен бұны бізге көрсетіп тұрғанын түсіндірген жөн. Мектепке дейінгі жаста аңыздар мен діни әңгімелер айтарлықтай рөл атқаратындықтан, дұрыс іс-әрекеттер мен дінді осындай негізде үйрету жеңілдік туғызады. Бұл жастағы балалар құлшылыққа, дұғаға қызыға қарайтындықтан, ата- аналарына еліктеп істеп көрулеріне кедергі келтірмеген жөн. Баланың жанында намаз оқу, оны мешітке ертіп апару, астан кейін дауыстап Аллаға шүкір ету, намаздан кейін дауыстап дұға оқу да баланы руханиятқа жақындата түседі. Көрген барлық нәрсесін адам жасады деп ойлайтын балаға Алла жайлы сұрақтар сұрауына кеңшілік танытқан дұрыс. 6-7 жастарында балаларда өздерін ата-анаға жақсы көрсету сезімі басым болады. Осы себепті бұл жастағы баланың құлшылығын, дұға етіп я шүкір еткендей көрсеткен әрекеттерін құптап, кішкентай сыйлықтар ұстатудың пайдасы мол. 8-9 жастарда балада іштей таразылау, ойлау қалыптаса бастайды. Осы себепті сегіз жасына дейін балаға тозақ, күнә, сауап секілді ұғымдарды ашпай, істеген ісінің күнә болғанын айтпаған жөн. Бұдан бөлек, бала енді ата-анасымен ойнағанды қойып, өз достарымен жиірек араласып, теледидарға қарап көбірек уақыт өткізе бастайды. Сондықтан бұл жастарда балаға діни құндылықтар ойындармен, кітаптармен, мультфильмдермен сіңірілгені құптарлық әдіс. 10-14 жастарында сыни ойлауы дамиды. Ата-анасының айтқандарына күмәнмен қарап, қарсылық танытатын кездері осы кез. Осы себепті бұл кездері діни тәрбие отбасы мүшелері арқылы емес, достары, мешіт не мектептегі дәрістер арқылы берілгені жөн.            

              Баланы, әсіресе мектеп оқушыларының діни сауатын ашуда мамандар сақтықпен әрекет еткен жөн деп санайды. Өйткені балаға ерік берген сайын теріс жолды таңдап, миссионерлдердің арбауына түсуі әбден мүмкін. Сондықтан болар бізде  мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында намазханалардың болуына тыйым салынған. Сондай-ақ  елімізде «ҚР баланың құқығы туралы» заңның 19-бабы 5 тармағына сәйкес баланың денсаулығын түзейтін, спорттық, шығармашылық және басқа да лагеръ, санатория сияқты балалар дем алатын орындарда құлшылық ету рәсімдері, жорасы мен жиындарын, сондай-ақ діни ілімдерге бағытталған әрекеттерді өткізуге рұқсат етілмейді. Әкімшілік тарапының арнайы рұқсатымен, заң аясында, тәрбиелік тұрғыда, түсіндірме жұмыстарынан бөлек. 

            Діни тұрақсыздық заманда баланы жастайынан имандылыққа үйретіп, ақ қараны ажырата білуге дағдыланған жөн екені түсінікті. Заң бойынша баланы дінге зорлауға болмайды. Осы қағида қаншалықты дұрыс, жалпы балаға, жасөспірімдерге мектепте, демалыс орындарында,  лагерде, басқа да орындарда құлшылық жасауға рұқсат етпеу дұрыс па? Балаға діни түсініктерді дұрыс бере алып жүрміз бе?

 

Бақытбек Төлеген,  Павлодар облысы  Баянауыл ауданы «Мұса мырза» мешітінің наиб имамы:

                                    «Балалардың мысын қайтарып жатырмыз»

          Бала және дін тақырыбы өте өзекті болып тұр қазіргі таңда. Әрбір ата-ана және қоғам өз перзентіне жастайынан діни тәрбиені сіңіре берсе ертеңгі күні оның иманы берік болады, сондай-ақ мынадай секталар қаптаған қоғамда алдануына жол бере қоймайды. Еліміздегі заңдар бойынша білім ордаларында, кейбір орындарға балалардың құлшылық етуіне тыйым салынған. Меніңше бұл дұрыс емес.  Қай жер қандай орын болсада кімді қандай дін өкілі болсын  құлшылықтан қайтару дұрыс емес. Өйткені діни сауатын енді ашып, имандылыққа бет бұрып келе жатқан баланың мұндай тыйымдар мысын басып тастайды. Мәселен намазға жығылып жүрген жасөспірім мектепте, лагерде болсын рұқсат етілмейді деген соң намаз уақытын бұзады, осылай бірте-бірте ол намазды тастап кетуі мүмкін. Біздер керісінше намаз оқимын дейтін балаға бар жағдайды жасауымыз қажет емес пе?

 

Қуандық Мұсаев, Жамбыл облысы Шу ауданының бас имамы:

                                                 «Сақтықта қорлық жоқ»

         Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының нұсқаулығы бойынша барлық мешіттерде жеткіншектердің намаз оқуына, уағыз тыңдауларына рұқсат етілген. Сондай-ақ қазіргі кезде балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізу мақсатында құлшылық үйлерінде сауат ашу курстары өткізіліп келеді. Дей тұрғанмен,  «сақтықта қорлық жоқ» қой. Мешіттерден басқа орындарда кәмелетке толмаған балаларға құлшылық ету рәсімдер жасауға тыйым салынған. Бұны ата-аналар, балалар дұрыс жағынан түсінсе деймін. Алдануға бейім келетін балалар жат ағымдарға ауып кетпеу үшін, көзқарастарының дұрыс қалыптасуы үшін, ақ қараны ажырат білгенше осындай ережені ұстанғанымыз жөн.

      Өткен жылдарға қарағанда балаларға діни сауатты дұрыс беріп жүрміз деп ойлаймын. Мектептерде дінтану пәндері енгізілді, одан бөлек  мешіттерде діни сауат ашу  курстары бар. Имамдарымыз мешітке келген әр балаға уағыздары жас ерекшеліктеріне сай түсіндіріп жатыр.    

 

Айбек Ғалым,  Ақтөбе қаласы Қарғалы ауданы Ш.Қалдаяқов ауылының бас имамы:

                                                   «Түсіністік танытсын»

           Жастарымызды кішкентайынан шариғатпен сусындатып өсірсек болашаққа нық кадам баса аламыз.  Себебі ағаштың да өзегін әктеп тұрсаң өріктің де ішінде кұрт болмаитындығын білеміз ғой. Заң бойынша  балаларға мешіттерде  ғана құлшылық етуге  рұқсат етілген. Мен бұл қағидамен келісе алмаймын. Егер балаларға арналған лагеръ болса онда намазхана ашуға рұқсат берген дұрыс. Себебі бала  лагерден белгілі бір уақыт аралығында сыртқа шыға алмайды. Яғни мешіт, шіркеулерге баруға мүмкіндіктері жоқ.  Ал  оқу орындарындағы намазханаларды қазақ еліне енген бөтен ағымдардан сақтану үшін шығарылған ереже екенін түсінемін. Және оған бағынуымыз керек. Дегенмен басшылық оқушыларына, жастарға «сен намаз оқыма» деп айтуға құқы жоқ. Жасөсірімдер заңға түсіністік танытып, құлшылық жасауға мешітке баруға  уақыт тапса екен деймін.     

Мұрағаттан, 2015 ж

Мәзһаб ұстанбаймын деу бос әурешілік
Букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігу харам ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу