Сириядағы соғысқа қызығудың соңы сотталумен аяқталды

Oinet.kz 07-06-2019 1024

Screenshot_2.jpg

 Жақында Шымкент қаласындағы  Әл-Фараби аудандық сотында  судья Еркін Оспановтың төрағалығымен елді елең еткізген қылмыстық іс қаралды. Сотта орда бұзар отыз жастан енді ғана асқан Нұрғали мен Нұралыға 7 жылын, ал әлі отызға да толмаған Болатқа  6 жылын темір тордың арғы жағында өткізетін болып жаза тағайындалды.  Сириядағы  соғысқа қатысу үшін сол жаққа барып террористік ұйымдардың адамдарына жолыққандарымен олар кештеу болса да қателіктерін түсініп, елге оралған еді. Әрине, «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» десек те, әркім өзінің қолымен істеген қылмысын мойнымен көтеруі тиіс. Абақтыда өткізген уақыттары оларды тәубесіне түсіріп, алдағы өмірлерінде тура жолмен жүруге септігі тигізсе кәнекей.  Ал бұлардың жасаған қателіктері адасуға апаратын жолға түскен кейбір жастар үшін ащы сабақ болса игі.     

     ...Өрімдей жас жігіттер – Нұрғали, Нұралы және Болаттың  тура жолдан тайқып кетуіне діни сауаттылықтарының төмендігі себеп болып отыр. Олардың санасы Ислам дінінің дәстүрлі емес, аса радикалды, «такфирлік, жиһадтық» бағыттағы әртүрлі ақпарат көздері, теріс көзқарастардың салдарынан уланды. Өйткені, бұл үшеуі белгілі бір ұстаздың жол көрсетуіне сүйенудің орнына өз беттерінше дәріс алуды дұрыс көріп, тура бағыттан айнығанын өздері де сезген жоқ. Теріс ағым бұларды өз ұйығына қарай тарта берді, тарта берді...

Үш жігіт «қиналған» мұсылмандарды құтқару үшін террористік мақсатты көздейтін қылмысты бастамас бұрын өзара келісімге келеді. Алдымен қазақстандық және ресейлік құқық қорғау органдарының назарына ілігіп қалмас үшін тарам-тарам болып өскен сақалдарын қырып тастауға келіседі. Сөйтіп, 2013 жылдың 30-наурызында туыстарынан жасырын түрде Шымкент темір жол вокзалынан «Шымкент-Орал» бағытындағы поезға мінеді. Одан әрі Ресейдің Илецк қаласына барады. Әрі қарай көлікпен Орынбор қаласына, одан әрі поезбен Москваға жетеді. Сәуірдің 2-сі күні Москва қаласының «Шереметьева» әуежайынан ұшаққа мініп, Египет елінің Шарм-Аль-Шейх қаласына барып қонады. Олар қару қолданатын  жиһадты қолдайтын және Сириядағы содырлар лагеріне жету үшін алдымен Александрия қаласында уақытша тұрып жатқан Нұрғалидың інісі Байғалиды  іздеп, телефон шалады. Бірақ, телефонды Байғали емес, оларға ортақ таныс болып келетін Байбол көтереді. Байбол да Египеттің Александрия қаласында террористік топ қызметіне қатысқаны үшін халықаралық іздеуде жүрген қауіпті адам болатын. Ал, Байғали әзірге бұл қалада жоқ болып шықты. 

Үш қонақ Байболдың жалдамалы пәтерін 15 күндей паналап, сол жерде ниеттес біраз адамдармен танысып, «қарулы жиһад» тақырыбында дәрістер тыңдайды, террористік топ қызметіне қатысуға жан-жақты дайындалады. Сол жерде үш жігіт әлгі іздеп барған Байғалидың соғыс ордасы – Сирияға кеткенінен хабардар болады. Соғысқа аттануға біржола бекінген жігіттер Байболды да өздерімен бірге Сирияға баруға үгіттеп, көндіреді.  

Қазақстаннан шыққан үш жігітке Байбол төртінші болып отбасымен бірге қосылады. Сөйтіп, қатарлары көбейген мүдделестер сәуірдің 18-күні көлікпен Александриядан Каирға, одан әрі ұшақпен Стамбул қаласына ұшып барып, үш күн сонда тынығады. Төртінші күні Түркияның жергілікті бір азаматының көмегімен Хатай қаласына келіп, Байғалидың телефон арқылы байланыстырған адамның көмегімен шекарадан өтіп, Сирия асады. Онда алдымен «Аль-Каида» террористік ұйымының құрамдас бөлігі болып табылатын «Ирак және Леванта Ислам мемлекеті» террористік тобына кіретін «Абу Банат жамағаты» тобының басшысы «Абу Банат» атты лақап атпен танымал, Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан халықаралық іздеуде жүрген азаматқа жолығып, өзара келісімге келеді. Абу-Банаттың лагерінде шамамен 60-70-ке жуық, кілең кавказдық содырлар болған. Бірақ, олардың қолдарына бара салысымен қару бермеген. Топтың жазылмаған заңдылығы солай екен. Александрия қаласынан таба алмаған Байғалиды әлгі үшеу осында жолықтырады.  

Өздерінің адасып барғандарын кештеу ұққандықтан, әйтеуір Шымкенттен Сирияға барған үш жігіт соғыс жүріп  жатқан аймақта ұзақ болмай, сәуір айының соңында алдымен Болат, араға біршама уақыт салып, Нұрғали мен Нұралы да кері қайтады. Бірден елге қайтуға жасқанып, жолай Александрия қаласында бір айға жуық аялдап қалады. Ақыры елге оралуға шешім қабылдайды, бірақ, бұл жорықтары жайлы тірі жанға тіс жармауға өзара келісіп алады. Сұрағандарға, таныстарына, туыстарына «Египетке оқуға барып келдік» деп өтірік айтуға мәжбүр болады. Сот залында үш жігіт те өздерінің қылмыстарын, қателіктерін толығымен мойындап, осы іс-әрекеттеріне шындап өкінетіндіктерін жасырмаған. Алайда, қателікті заң кешірмейді. 

Кеңес Одағының тоталаитарлық саясаты  70 жыл бойы дінді жоққа шығарып, атеистік идеология жүргізді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жан-жақтан ентелеп енген мысықтілеулі  миссионерлер олжаға таласқан шиебөрілердей діни сауаты жоқ, аңқау елдің санасын улауға жанталаса кірісті. Олардың әрекеттері нәтижесіз болған жоқ. Әсіресе әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтар олардың жетегіне оңай ерді. Сөйтіп, дінін сатқандар мен тура жолдан адасқандардың қарасы көбейді. Мұның өте қауіпті екенін кештеу ескерген билік етек-жеңін дертті дендетіп барып жинауға кірісті. Қазір жағдай ептеп тұрақталып келеді  десек те қауіпті қозғалыстардың мүшелерінің арасында әлі де белсенділік танытып жүргендері аз емес...

Ш.Мекенбайұлы,     

P.S. Мақаладағы кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді 

Адасудың алды соқпақ, арты жар... Немесе «қарулы» жиһадшылар жорығының соңы немен аяқталды?
Жыныстық жиһадқа аттану деген сұмдық енді Қазақстанға да келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу