Иісбек Әбілмажанов кино және театр актері, доцент: «Қазақ театрының режиссурасы ақсап тұр»

Oinet.kz 03-05-2023 1084

Иісбек Рамазанұлы Әбілмәжінов - кино және театр актері, театр режиссері, театр педагогы, доцент. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2017). Иісбек Рамазанұлы 1955 жылы 18 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 1980 - 1984 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын "кино және драма актері" мамандығы бойынша бітірген. 1995 - 1997 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "драма режиссері" мамандығы бойынша бітірген.

Screenshot_22.jpg

- Иісбек Рамазанұлы, әңгімемізді шығармашылық жаңалықтарыңыздан бастасақ. Сізді алдағы уақытта қандай фильмдерден көруіміз мүмкін?

- Ұсыныстар, жобалар көп. Алайда жеті рет өлшеп, бір рет кесетін адамдардың қатарынанмын. Шығармашылық топ, сценарий, кейіпкер ұнап жатса ғана келісімімді беремін. «Богатырь из прошлого» деген жобаға түсіп жатырмын.  Одан бөлек жақында жас режиссер, актер Нұртас Адамбай хабарласқан болатын. «Әкім 2» фильмін түсірмек екен. Сол туындыда ауыл ақсақалын сомдамақпын. 

- Құпия болмаса гонорарыңыз қанша? 

- Біздер енді шетелдің актерлары секілді  сұмдық гонорар алмаймыз. Мәселен «Қазақфильмнің» өзінің бекіткен бағасы болады. Айталық  әр түсірілім күніне 200 мың теңге.  Ал жеке продакшндармен өзара келісімшарт жасасамыз. Олар фильмді  демеуші жағалап,  өз қаражатына түсіріп жатқандықтан оларға да бізге де тіимді бағаны белгілеуге  тырысамыз. Мәселен  он күн түсірілімге қатыссаң бір миллион теңге  гонорарымызды аламыз. 

- «Отандық фильмдер 100 пайыз қазақ тілінде түсірілуі керек» деген пікірге қосыласыз ба?

- Толықтай  қосыла алмаймын. Себебі бізде орыс тілді көрермендер де  бар.  «Қазақфильм» секілді  мемлекеттік мекемелер таза   қазақша түсіріп жатыр. Ал бұл жеке студиялар үшін қаражат жағынан тиімсіз. Егер олар киноны  100 пайыз  қазақ тілінде түсіретін болса орыс тілді аудиториядан айырылады. Ал бұл дегеніңіз   жобаға кеткен шығын өз-өзін ақтамауы мүмкін деген сөз. Екіншіден, фильмді Ресей немесе басқа да елдерге прокатқа береді. Сондықтан  орыс тілін араластыруға тура келеді. Оның үстіне біз әлі орыс тілінен мүлдем безініп кеткеніміз жоқ.  Үкімет басындағылардың өзі әлі орысша сайрап отыр. Сол себепті бұл заман талабына сай жасалып отырған әрекет деп түсінген дұрыс. 

- Өзіңіз сомдаған кейіпкерлердің ішінде сіз үшін қаһарманы қайсы?

- Рөлдің бәрі жақсы ғой әрине. Дегенмен образдарымның ішінде халықтың ерекше ықыласын алған ол  «Қазақ хандығы» туындысындағы Асан қайғының рөлі.  Асан қайғыны бала күнімізден оқып өстіп. Үлкендердің аузынан «Асан қайғы бүй депті» деген сөздерді де жиі естідік.  Кастинг жарияланған кезде осы рөлді сомдау үшін  6 актер қатыстық. Режиссер мені таңдады. Мұндай аңыз адамды сомдау мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Кезінде жолым түсіп, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан қайғы бабамыздың мазарында болып, құран бағыштаған едім. Әрине ол кезде менде бабамыздың образын сомдаймын деген ой болмаған-ды.   Мен мұны басыма қонған бақ шығар деп бағалаймын. Кейде көшеде көрген адамдар мені  «Асан қайғы» , «бабамыз осындай болған шығар, оны басқаша елестете алмаймыз» деп айтып жатады. Бұл образдың шынайы шыққандығын білдірсе керек. Халықтың осындай жоғары бағасынан қымбат ештеңе жоқ. Бұл рөлімді мемлекет те елеп «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Сондай-ақ көрермендер образдарымның ішінде Нұртас Адамбайдың «Жеделсаты» драмасындағы күзетші Асқарды сәтті шыққандығын жиі айтып жатады. 

- Актер өз кейіпкерін сомдау үшін айлап, кейде жылдап дайындалады деседі. Ал сізге қиынға соққан рөл қайсы болды?

- Түсірілім барысында неше түрлі қызықтар, қиындықтар болып тұрады әрине.  Кино түрлі жағдайда түсіріледі. Мәселен жаздың ыстығына, күздің ызғарына, қыстың боранына қарамай жұмыс істей береміз. Жаңбыр жауып,  жел тұрып түсірілімге кішкене кедергісін келтіруі мүмкін. Мәселен «Алмас қылыш» тарихи картинасында сюжеттер екі мың метр биіктікте түсірілді.  Атмосфера қысымы өте жоғары болғандықтан шығармашылық топта  жүрек қағу, бас айналу секілді ыңғайсыздықтар орын алды.  Ақбас атан аяғымды жаншып кеткен сәт те болды. Осындай қиындықтарды санамағанда рөлді сомдау жағынан  кәсіби актер болғандықтан  қиындық тудырған емес.  

- Бүгінгі қазақ кинематографиясының бет алысына қандай баға бересіз?

- Көршілес өзге республикаларға қарағанда Қазақстанның кинематографиясы бір орында тұрған жоқ, алға жылжып келеді. Көптеген туындылар түсірілуде. Әлі де болса экрандалуы тиіс тарихи тұлғаларымыз жетерлік. Қабанбай батыр, Абылай ханның өмір жолдары, ерліктері  киноға сұранып-ақ тұр емес пе? Соңғы жылдары Алаш  көсемдері туралы «Ахмет. Ұлт ұстазы» секілді  фильмдер түсіріліп жатқандығы қуантады. Әйтсе де, әттеген-ай деген тұстары бар. Кейбірі сценарий жағынан ақсап жатса, енді бірінде актер дұрыс таңдалмаған. «Ертең атыласың» деген үкімді естіп тұрып бойын тік ұстап: «Жақсы, бір ғана өтінішім бар. Атылардың алдында дәретімді алып алайын» деген рухы биік тұлғаға лайықты актер таңдау керек еді.  Режиссер, сцеранииші, актер, міне осының барлығы шығармашылық топта үйлесіп тауып, ансамбль секілді бірлесе жұмыс жасай алған уақытта ғана сапалы туынды шығады.  Өкінішке қарай қазіргі жас режиссерларымыз  актермен жұмыс істеуді  біле бермейді.   Образ,  характер деген нәрселер  жетіспей жатады. Кей киноларға кәсіби актерлар емес блогер, тиктокер, инстаграмшиктер түсіп жатады. Олар қанша жерден танымал болса да кәсіби мамандар емес.  Кейде осындай актерлармен партнер болуға тура келеді.  Түсірілім барысында барлық актерлар бірін-бірі түсініп, бір толқында  жұмыс істеуі керек. Ал біздің актерлар кейде арзан күлкіні  қуалап кетеді.  «Көш жүре келе түзеледі»дегендей, мұның барлығы түзелер деген үміттемін. 

- Қазіргі қазақ кино саласындағы  мықты режиссер деп кімдерді айта аласыз? Сізге кімдермен жұмыс жасаған ұнайды? 

- Ермек Тұрсыновтың үш жобасына қатыстым.  Нағыз кәсіби, білікті маман. Білімі терең. Қандай туынды болмасын  бірнеше жыл толғатып, ойын әбден пісіріп барып іске кіріседі. Сондай-ақ нағыз  режиссер деп Рүстем Әбдірашты да атар едім. Жан-жақты, өз ісіне тиянақты.  

- Қазақ киносының тарихында алтын қорда сақталған, шедеврге айналған туындыларымыз бар.   Ал бүгінгі күнгі таспаланған фильмдердің  ішінен ғасыр өтсе де көрерменін жоғалтпайды деген 3 киноны атай аласыз ба? 

- Әзірге атамай ақ қояйын. Қазақ киносына тыңнан түрен салып, жаңашылдық әкелген  Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаевтар қазіргідей сапалы технология болмаса да  бізге «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» секілді  қайталанбас, өшпес дүниелерді қалдырды. Ал қазір құрал-сайман бар, технология бар, бірақ әлі шедевр туынды түсіре алмай келеміз.

Screenshot_23.jpg

- Киноның жайын айттық. Ал енді театрды талқыласақ.  Бүгінгі қазақ театры қандай бағыт, тақырыптағы қойылымдарға зәру?

- Театрда тақырып та көп, классикалық тұрғыда жазылған қазақ пьессалары  да көп. Солардың көбісінің бүгінге дейін бағы ашылмаған. Ол білімді режиссерлардың жоқтығынан деп ойлаймын. Қазақтың театрына  кезінде Мәмбеков, одан кейін Атабаев біраз реформа жасады.  Ал қазіргі жас театр режиссерларына көңілім толмайды. Өйткені олар драматургиядан алыстап барады. Олар драматургияның өзін  сахналамайды. Соның желісімен деген бір нәрсені шығарып алды. Айталық Мұхтар Әуезов «Қаракөз» пьессасын жазып кетті. Қолыңнан келсе соны қой. Келмей ме, желісімен деп оны бұрмалап, бұзба. Әрине эксперимент жасаған дұрыс шығар. Егер одан оң қорытынды шыға білсе. Өкінішке қарай қазір көп театрлар осы бағытқа қарай бет алып кетті. Яғни режиссура жағы ақсап тұр. Бұл жақсылық емес.  Театрға  барсаң осындай қойылымдарды көріп, жүйкең тозып, шаршап  қайтасың.

- Жоғарыда  атап өткеніңіздей театр режиссурасының ақсап бара жатқандығының себебі неде?

- Мұның ұшы білімге, шәкірт тәрбиелеу  ісіне келіп тіреледі. Біріншіден, білім ордаларында  режиссурадан сабақ беретін ұстаздардың методикасы қалыптаспаған. Сол баяғы  К.Станиславскидің  еңбектерімен  шектеледі.  Жоғары оқу орындарында «Режиссердің актермен жұмыс істеуі» (Работа режиссёра с актёром ) деген сабақ бар. Осы секілді  режиссердің  драматургпен,  суретшімен,  балетмейстермен, композитормен жұмыс істеуі деген  пәндер де  бар. Олардың  аты бар заты жоқ. Аталған сабақтарды жылдар бойы композитор, суретші секілді мамандар өтіп келген. Ал шын мәнінде бұл пәндерді режиссер өтуі керек. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жұмыс істеп жүргенімде осы  мәселені біз марқұм Болат Атабаев екеуміз басшылық алдында көтеріп,  ұстаздың балетмейстер немесе актер емес міндетті түрде кәсіби режиссер болуы керектігін дәлелдеп,  осылайша ұстаздар қатарына  режиссерларды қосқан едік. «Актер шеберлігі» пәнін оқытуда да осындай олқылықтар бар.  Студентттерге рөлмен жұмыс жасауды дұрыс үйретпейді.  Шәкірттерді  «марионетка» етіп шығаруда. Оқуды бітірген сол түлек ертеңгі күні театрға барғанда сахнада аузы аңқиып,  рөлін алып шыға алмай қиналады. Ал осындай қателіктерді түзетуге тырысып, реформа жасайын  ұстаздарды оқу орындарына жолатпайды, сыйғызбайды. Солардың бірі менмін. Өнер академиясында студенттерге 16 жыл сабақ бердім. Үш бітірушілерді түлеттім. Кейін «мынамен бір кафедрада жұмыс істегіміз келмейді» деген секілді менің тарапыма арыздар жазылып, соңында жұмыстан кетіріп тындырды.  Арыз жазғандардың барлығы  әлі сол жерде жұмыс істеп жүр.  Менің айтпағым  бәленің барлығы ұстаздардан басталады. Ұстаздық ол – қабілеттілік. Жақсы актер болуы мүмкін , бірақ жақсы ұстаз бола алмауы мүмкін.  

- Сұхбатыңызға рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай

Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВ, желтоқсаншы: «Сайлауда әділетсіздікке ұшырасақ та, халық бізді қолдады»
Мұрат Бекей, журналист, ақын: «Журналист болып туылу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу