Мұрат Бекей, журналист, ақын: «Журналист болып туылу керек»

Oinet.kz 17-05-2023 1679

Мұрат Бекей Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.  , журналист. Журналистикадағы еңбек жолын Өзбекстандағы қандастарымызға арнап шығатын "Нұрлы жол" газетінен бастаған. "Қазақ елі" газетінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. Шығармашылық саладағы жиған-терген тәжірибесі мол.

Screenshot_8.jpg

Ұзақ жылдар "Оңтүстік Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі болды. Сарыағаш аудандық  "Сарыағаш" газетінде бас редактор болып істеді. Мұрат Бекейдің редакторлық қыры өз алдына. Аудандық, қалалық газеттердің ішінде шоқтығы биік басылым «Сарыағашқа» Мұрат Бекей бас редакторлық еткен жылдары газеттің танымалдығы, абырой-беделі жоғарыламаса, аласарған жоқ. 

Жалпы шығармашылық саланың кешегісі мен бүгінгісінің арасында қаншалықты айырмашылық бар? Қоғам өмірінде жазушының, журналистің маңызы қаншалықты? Ресми анықтамада  журналистика – билік пен халықтың арасындағы дәнекер. Қос тарапты бір-бірімен байланыстырушы алтын көпір. Журналистика – қоғамды зерттейтін ғылым. Ал шын мәнінде қалай? 

Биыл 65 жасқа толып отырған ақын, журналист Мұрат Бекеймен арадағы сұхбат осындай күрделі тақырыптардан басталды.

- Мұрат Халбайұлы, қазақ айтады, өзінің балалығын ұмытқан адам қауіпті деп. Балалық шағыңызды бір еске ала отырсаңыз...

- «Балалық шағын ұмытқан адамның қаншалықты қауіпті» екені жайында айту қиын шығар.Біреудің ішкі жан дүниесіне  үңіліп, ішіне кіріп шыға алмайсың ғой. Балалық шағыңды қалай ұмытарсың! Қайта оралмас сол шақты, көңілің де, сезімің, ойларыңда пәк, шынайы жылдар ғой ол. Менің балалық шағым Қарақалпақстанда, әлі Арал теңізі тартылмаған, Әмудария жойқын ағысынан жаңылмаған кезеңде өтті. Мойнақ қаласының шетіндегі биік жардан теңізге секірген шақтар есте. Ол кезде сол жағалауда пионерлер лагері бар болатын. Онда республиканың барлық аудандарынан мектеп оқушылары жиналатын. Атам егетін гүрбек, бишек, әңгелек (оны бізде замша дейтін) қауындардың дәмі әлі аузымда. Балалық шақтың қай қызығын айтып тауысарсың. Бәрінің бастауы сол жылдарда жатыр ғой.

- 1999 жылы сіздің  «Сұлулық сыры» атты алғашқы жыр жинағына алғысөз жазған Қадыр Мырзалиев: «О, тоба, біз кімді танымай, білмей келгенбіз!» деген екен. Сол алғашқы жыр жинағыңыздан кейін қанша кітабыңыз жарық көрді? Жалпы қазір жастардың көбі әдебиетті, поэзияны кітаптан емес, ғаламтордан, яғни әлеуметтік желілерден оқуға құмар. Ал сіз оқырмандарыңызбен әлеуметтік желіде қаншалықты жақынсыз? 

- Қадыр ағамен танысқан жылдарда мен Қарақалпақстанда орта мектеп мұғалімі болып істейтінмін. Алғашқы өлеңім 1991 жылы "Қазақстан мұғалімі" газетіне шықты. Сол кезде жасым 33-те болатын. Содан соң өлеңдерім Өзбекстан республикалық "Нұрлы жол" газетінде жариялана бастады. 1993 жылы мектептен демалыс алып Алматыға келдім. Мақсатым газет-журналдарды жағалап, өлеңдерімді тарату. "Қазақстан әйелдері" журналына келсем, әдебиет бөлімінде бір кісі отырды. Кейін білсем ол жазушы Есенжол Домбаев ағамыз екен. Жазғандарымды қарап отырып, ол "2000 шақырым жерден отпуска алып келген болсаң, сен бір ақынға жолығып кет" деп Қадыр ағаға хат жазып берді. Содан Қадекеңе жолығып, екі-үш рет кездестік. Содан соң ол кісі өлеңдеріме сәт-сапар жазып, "Қазақ әдебиеті" газетіне жіберді. Ол кезде газеттің редакторы Ахат Жақсыбаев болатын. Мен сол ағаның өз қолымен жазылған сәт-сапар хатты редакцияға беруге қызғанып, ауылға алып кеткенмін. Аңғалмыз ғой. Кейін аға ол хат жайлы сұраған. Шынымды айттым. Ренжіген жоқ. Көзінен жас аққанша күлгені есімде. 1994 жылы Ташкентке жоғарыда айтылған газетке қызметке келдім. Жазған-сызғандарымды көрсетуге алып барғанда кітап үшін жазып берген алғысөзінде айтылған сөз ғой. Одан кейін "Махаббат мекен"," Аруана-ғұмыр"(мемлекеттік тапсырыспен), "Бәйтерек түбіндегі сырласу"," Қыңырақ"атты кітаптарым жарық көрді. 

Әлеуметтік желіге келсек, осы күні Фейсбук ең жақын досым болып тұр. Газет-журнал, кітап дегеніңіздің таралымы аз. Кітаптың таралатын аумағы ауданнан әрі аспайды. Солай жүріп жатырмыз.

- Сіздің бірнеше жырларыңыз сазгерлердің сазымен өріліп, ел арасында ән болып шырқалып жүр. Ал «дайын әнге сөз жазып беріңізші» деген ұсыныстар жиі айтыла ма  және мұндай ұсыныстарды қабыл аласыз ба? 

- Менің өлеңдеріме өз ауданымыздың  екі-үш жігіті ғана ән жазған. Олардан Әбіләзім Жаншуақов жазған "Сезім гүлі" әнін ғана "Жігіттер" тобы шырқаған. Жалпы, өтініш бойынша даяр әуенге бір-екі рет қана сөз жазып бергенім болмаса, өлеңдерімнің мәтініне ән шығару қиын болса керек. Олардың әнге айналуына өзім де қызығушылық танытпағанмын.

- Ақындықпен қатар журналистиканы да қатар алып жүрген жанның бірісіз. Кейбір зерттеушілер журналистика мамандығына ешкім де кездейсоқ келе алмайтынын, адам журналист болып қалыптаспайтынын, керісінше, журналист болып туатынын алға тартады. Ал сіз не дейсіз?

- Мен "Нұрлы жол" газетінде тілші, "Қазақ елі" газетінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі, "Сарыағаш" газетінде бас редактор болып істедім. Өзім Нөкіс мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті факультетін қызыл дипломмен бітіргенмін. Қазан мемлекеттік университетінде аспирантура оқыдым. Өмірімнің он төрт жылын мектепке арнадым. Жүре-жүре бұл менің кәсібім емес екен деген тоқтамға келдім. Өлең өзіне тарта берді. Ташкентке бір келгенімде "Нұрлы жолдың" бас редакторы Қалдыбек Сейданов газетке келу жөнінде ұсынысын айтты. Бірден келістім. Осыған қарағанда "журналист болып туылу керек" деген сөздің жаны бар сияқты.

- «Жаза алмайды жаныңның жарақатын, уақыт деген, жарығым, емші емес»,- деп өзіңіз жырлағандай өміріңізде уақыт емдей алмай келе жатқан өкінішіңіз бар ма? 

- Қанша жерден "өткен іске өкінбе" дегенмен, менде орыны толуы қиын бір өкініш бар. Ол - өз кәсібімді дұрыс таңдай алмауым. Төлеген Айбергенов 30 жыл өмір сүріп артында өшпес мұра қалдырса, менің сол шамаға дейінгі өмірім босқа өткен есебі. Жастық жылдарың, нағыз өлең жолында жанатын жылдар ғой. Жастықтағы шабыттың жөні басқа. Екіншіден, қытайларда "өтпелі кезеңде өмір  сүрме" деген сөз бар. Сол айтпақшы, қоғамдық тұрғыдан алсақ, біздің жылдарымыз екіге бөлінді. Өмірдің бірінші жартысы босқа кеткен есебі. Екінші жартысы тәуелсіздік алғанымыз болмаса, сағымға айналған жылдар болғанын көріп отырмыз. 65 жыл дегенмен, бекерге жоғалған жылдарың жүрекке жүк түсіреді. Осындай-осындай өкініштер бар. Бірақ ол үшін ешкімге айып таға алмайсың ғой.

- Сіз Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағына мүшесіз.  Осы ретте айта кетсеңіз, қазіргі Қазақстан  Жазушылар одағының қоғам алдындағы беделі қандай, жалпы одақ бүгінгі әдебиет әлеміндегі  мәселелерді шешуге ат салысып, ақын-жазушыларды сүзгіден өткізіп отыра ма?  Біздің Жазушылар одағы мен көршілес  Өзбекстанның Жазушылар Одағында нендей артықшылық немесе кемшілік бар? 

- Жазушылар одағы бүгінде қоғамдық ұйым. Ал қоғамдық ұйымдардың жағдайы бесенеден белгілі. Баяғы бір кезде сырақұмарлар қоғамы құрылды деп жүрдік қой. Бұл да сол сияқты. Ал кеңестік кезеңде жағдайы қандай болғанын жақсы білсеңіз керек. Егемендік алған соң "Америкада алты-ақ жазушы бар екен" деген сияқты сөздер шығып, оңтайландыру мақсатында мемлекет қамқорлығынан қалыс қалды. Ғимаратын сақтап қалғанына мың тәуба. Дегенмен, өз күнін ілдәлдалап көріп жатыр. Жастар одаққа көптеп қабылдануда. Әртүрлі басқосу, жиындар өткізілуде. Қысқасы, бұл өтпелі кезең деп ойлаймын. Себебі, әдебиет руханиятымыздың басты діңгегі. Өкімет бұл мәселеге назар аударатын кез келді ғой деп ойлаймын. Ғылым академиясы да мемлекеттік статус алды ғой. Бірте-бірте кезек бізге де келер. Өзбекстанға келсек, оларда  бәрі  бәз-баяғы қалпында. Әдебиет рухани ықпалын жоймаған. Ол олардың теледидары мен киносында да, адамдарының мінез-құлқында да көрініс тауып отыр. Біз де Алла жазса сондай күндерге жетерміз.

- Биыл асқаралы 65 жасқа толады екенсіз.  Мерейтойыңызға орай шығармашылық кеш өткізу жоспарыңызда жоқ па? 

-  Шығармашылық кеш жайында әлі ойланып көргенім жоқ. Жалпы, әдеби шығармашылықтың  ел өміріндегі маңызы жоғалмаса да, ақын-жазушы өз еңбегін ешкімге міндет етпей, өз жүрек қалауымен жасағаны жөн деп ойлаймын. Ал ел бағалап жатса нұр үстіне нұр ғой. Мен бәлен жасқа келдім, шығармашылық кешім өтсін деу дұрыс емес шығар. Мұқағали "Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай" десе оның басқаша астары бар ғой.

- Шынайы сұхбатыңызға рахмет! 

Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай

Иісбек Әбілмажанов кино және театр актері, доцент: «Қазақ театрының режиссурасы ақсап тұр»
Шойбек Орынбай, журналист, жазушы: Әр алуан пікірден шындық туады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу