Туризм университеті шетелмен тәжірибе алмасуда

Oinet.kz 15-07-2023 154

12.jpg

Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті - туризм индустриясын ұйымдастыру және қонақжайлылық салаларын дамытатын мамандарды даярлайтын Қазақстандағы алғашқы бейінді университет. 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгінде оқу ордасы жас талапкерлер үшін 2023-2024 оқу жылына 800 грант бөліп отыр. Оның ішінде туризм, мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандықтарына ерекше көңіл бөлінген. Университетте бас ғимарат, оқу корпусы, 4 жатақхана, спорттық сауықтыру кешені бар. Қазіргі уақытта Польша, Қытай, БАӘ, Таиланд, Сингапур, Австрия, Түркия және Франция оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған. Сондай-ақ шетелде тәжірибе алмасу, арнайы лабороториялық кабинеттер, тілдік курстармен қамтамасыз етілген. 

Сондай-ақ, университет ең үздік оқытушы құраммен толыққан. Себебі мұнда Қазақстандағы туризм саласы бойынша PhD докторлардың тең жартысы сабақ береді. Университет Францияның Vatel меймандостық институтымен бірлескен білім беру бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда университетте 4 білім беру бағыты бойынша 11 мамандық бар. Оның ішінде Дене шынықтыру және спорт, Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық, Туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру, Халықаралық және ішкі туризм, Экскурсиялық қызметтер мен жеке турларды ұйымдастыру, Туристік дестинациялар менеджменті, Ұйымдастырылған туризмді басқару және экскурсиялық-анимациялық қызмет, Спорттық туризм, Спорттық-сауықтыру фитнесі, Қонақүй және мейрамхана бизнесі және Ивент-менеджмент мамандықтарында білім алуға болады.

Аталған университетте талапкерлер 50 балмен грантқа үміткер бола алады. Себебі жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен арнайы 800 грант бөлінеді. Университет ерекшелігі – дуальды оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студент оқып жүріп, білім ордасы келісімшартқа отырған нысандарда ақылы түрде жұмыс істей алады. Мысалы, IUTH серіктестерінің бірі – RixosWaterWorldAktau. Мұнда студенттер тәжірибеден өтіп, әрі еңбекақы алады. Одан әрі студент өзін жақсы жағынан көрсетіп, жұмыс барысында үздік нәтижелерге қол жеткізетін болса, ресми түрде жұмысқа орналасады. Мұнымен қатар оқу үлгерімі жақсы болса, шәкіртақысы да сақталады. Университет осы секілді бес жұлдызды қонақүйлер мен туристік нысандармен ынтымақтастық орнатқан. 


Түркістанда Белсенді демалыс саябағы салынуда
Ордабасы: 8 елдімекен газбен қамтылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу