Жетісай: Бақша өнімдері шетелге экспортталуда

Oinet.kz 18-07-2023 197

36.jpg

Негізгі табысы агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында 79 мың гектардан астам жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс аптасының соңғы күнінде аудандағы егістік алқаптарды аралап, жиналып жатқан бақша өнімдерінің жағдайы мен жазғы вегетациялық жұмыстардың барысымен танысып шықты.

Сала мамандарының мәліметінше биылғы жылы 19,6 мың гектар жерге егілген бақша дақылдарының 14 176 гектары қауын, 5 441 гектары қарбызды құрап отыр.

Қазіргі таңға дейін бақша дақылдарынан 561 мың тонна өнім алынып, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сұранысы бар өзге де облыстарға жіберілуде.

Өткен жылы 15,1 мың гектар жерге бақша дақылдары егіп, 417,8 мың тонна өнім алған жетісайлықтар 2023 жылға қауынның валет, мырзашөл, аэропорт, бакинка, дакар және жұлдыз сорттарын, қарбыздың холлер, талисман, сайс, каристан, екон және виктория сорттарын еккен.

Сонымен қатар, аудан басшысы мақта дақылының жазғы вегетациялық жұмыстарының барысымен, аудан шаруаларының ағын суға деген сұранысының қанағаттандырылу жағдайымен де танысты. Ағын су мөлшері сұранысты қанағаттандырарлық болғанымен аудандағы суғарылуы тиіс 45,5 мың гектар мақталық алқаптың небәрі 5 мың гектарға жуығы ғана жазғы суларын алған.

«Суға деген шаруалардың сұранысы толығымен қанағаттандырылып отырғанымен, жазғы вегетациялық жұмыстар көңіл көншітпейді. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдері мен жер мамандары, жауапты бөлімдер жұмыстарын жандандырулары керек. Шаруаларға түсіндіріңіздер, кездесіңіздер. Кешікпей жазғы суларын толығымен алып үлгеретіндей жағдай жасаңыздар» деді аудан әкімі.

Айта кетейік, биылғы жылы мақтаның отандық «Мақтарал-4011», «Мақтарал-5027» және «Память Ералиева» сорттары мен Түркия, Өзбекстан және Қытай елдерінен келтірілген сорттарын еккен аудан шаруалары өткен жылғы науқанда 49,5 мың гектарға егілген техникалық дақылдан 129,6 мың тонна өінім алған болатын.


Түркістан: «Ауыл -ел бесігі» аясында 337 жоба қолға алынды
Бүгінгі күннің талабы-кондоминиум
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу