Отырардың отты перзенті

Oinet.kz 15-10-2023

Бүгін аудандық мәдениет сарайында жалынды журналист, жазушы, ақын, жерлесіміз Есжан Айнабековті еске алуға арналған "Отырардың отты перзенті" атты жыр мүшәйрасы өтті.

Screenshot_20231015_123452_Facebook.jpg

Аз ғана ғұмырында халықтың жүрегінен орын алған ақынның туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алғы сөзбен ашып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Бүгінгі Отырардың отты перзенттерінің бірі, жалынды журналист, жазушы, ақын Есжан Айнабековтың туғанына 60 жыл толуына орай өткізіліп жатқан шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан жасын ғұмыр қысқа ғана өмірінде соңына өшпес із қалдырды. Қасиетті Отырар топырағында туылып, өзінің тума талантының арқасында барша мықтыны мойындатып, әдемі әңгімелері мен көркем шығармаларын халқына мұра етіп қалдырған асыл азаматтың есімі қашанда жадымызда жаңғырып қала беретініні даусыз. Бүгінгі еске алу кешінде асыл азаматтың әдебиетімізге әкелген сара жолын кейінгі жас ұрпаққа өнеге ете отырып, шығармаларын кеңінен насихаттау біздің басты мақсатымыз. Осындай сәтте Есжан Айнабековтың туғанына 60 жыл толуына орай өткізіліп жатқан жас ақындарымызға сәттілік тілей отырып, асыл азаматтың шығармаларымен сусындап, өнер биігінде шарықтай беріңіздер дегім келеді»-деді. 

Сондай-ақ ақын Қазыбек Иса адал сертінен айнымас өмірлік досы Есжан Айнабековпен достығы туралы кеңінен әңгімелеп, оның ерекше дарын иесі болғандығы және желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандығы туралы айтып, өз естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысында Есжан Айнабековтің "Ескерткіш" әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетілді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет сарайының өнерпазы Нұрсұлтан Жақсылық ақынның сөзіне жазылған Еркебай Көшербаевтың "Күлімкөздің жүзігі" әнін орындаса, ауыл жастары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.

Есжан Айнабековтің туыстары мен достары сөз кезегін алып, оның жарқын бейнесі мен бірегей болмысы, азаматтығы туралы әңгімелеп өтті.

Жыр мүшәйрасына қазылық еткен қаламгерлердің шешімі бойынша өз туындыларын ұсынған талапкерлер жүлделі орындармен марапатталды.

Қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Есжан Айнабековті еске алуға арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдесі Бақдәулет Анарбайға бұйырса, Раушан Мұратова I орын иегері атанды. Сондай-ақ жас ақындар Нұрғали Сердалиев пен Бауыржан Ерман жүлделі ІІ орын тұғырынан көрінсе, Ербол Садыбай, Асқарбек Сапарбай және Гауһар Жүсіпәлиевалар ІІІ орын және арнайы сыйлықтарға ие болды.

Жыр додасына қатысқан өзге де ақындарға "Қазақ үні" газетінің арнайы жүлдесі мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Саурандық команда облыстық сайыста жүлделі бірінші орынға ие болды
Орталық Азия кәсіподақтары еңбек мигранттарының мәселелерін талқылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу