Түркістан: Өртке қарсы шаралар бақылауға алынды

Oinet.kz 30-07-2025 25

9.jpg 

Түркістан облысында 2025 жылдың алғашқы алты айында 203 өрт дерегі тіркеліп, жалпы 444 миллион 403 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Өрт оқиғаларының салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 4 адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков мәлімдеді.

"Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында тілсіз жаудың себебінен 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Департаментпен Мемлекеттік өрт бақылау саласында облыс аумағында сауда саласына тиесілі 31 144 нысан есепке алынған. 2025 жылғы жоспарға сәйкес 4 сауда нысаны тексеріліп 75 құқықбұзушылық анықталды. Базар иелеріне кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, орындалуы бақылауға алынды. Департаменттің мемлекеттік инспекторларымен және жеке кәсіпкерлік нысандарына белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, биылғы жылы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себепті 14 өрт орын алып, өрттен келген материалдық шығын 143 млн. теңгені құрады", – деді сала маманы.

Жартыжылдықта тіркелген өрт деректерінің едәуір бөлігі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, тұрмыстық техникалардың дұрыс пайдаланылмауынан және жылыту жабдықтарының ақауынан туындаған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлер мен сауда орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы да өртке себеп болып отыр. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында департамент мамандары облыс аумағындағы сауда орындары мен әлеуметтік маңызы бар нысандарда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы аясында өрт қауіпсіздігін арттыру бағытындағы кешенді іс-шаралар қолға алынған. Жобаның негізгі мақсаты – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын барынша азайту. Осыған сәйкес, Түркістан облысында жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2024 жылы 656 елді мекенде ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылып, олар 1,5 миллионнан астам адамды қамтып отыр. Бұл — ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жетістіктердің бірі.

Қазіргі таңда өртке қарсы мемлекеттік бақылау күшейтіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеген тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылып жатыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылып, бұзушылықтар бойынша нұсқамалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынған. Қайталанған немесе елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда айыппұлдар салынып, кей жағдайларда кәсіпкерлік қызметті уақытша тоқтату шаралары да қолданылуы мүмкін.

Жартыжылдықтағы көрсеткіштерге қарап, тілсіз жаудың алдын алу бойынша жұмыстарды әлі де күшейту қажеттігі байқалады. Мамандардың айтуынша, тұрғындар тарапынан қауіпсіздік шараларын сақтамау, өрт қауіпсіздігі жөніндегі ескертулерге салғырт қарау жағдайды қиындатып отыр. Осыған байланысты өрттің алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстары одан әрі жалғасады. Сонымен қатар, көпшілік орындарда өрт сөндіру құрылғыларының болуы, эвакуациялық жолдардың ашықтығы және электр жүйелерінің техникалық жағдайы тұрақты түрде тексеріледі.

"Қауіпсіз ел" жобасы тек қана төтенше жағдайлар қызметін емес, жалпы қоғамды ортақ қауіпсіздікке жұмылдыруға бағытталған. Сондықтан да, өрттің алдын алу тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігіне байланысты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету — ортақ міндет. Түркістан облысы ТЖД алдағы уақытта да осы бағыттағы бақылау және алдын алу жұмыстарын жалғастыра бермек.


Заңсыз жүк тасымалына қарсы рейд жүруде
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету—ортақ борыш
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу