Нұралхан Көшеров: Тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Бағдарлама қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидаттарын орнықтыруға және елді мекендердің көркін жақсартуға бағытталған.
Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Жиын барысында өңірдегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысы сараланып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстың барлық аудан-қалаларында тұрақты мониторинг жүргізілуде. Соңғы тексерулер барысында елді мекендердің санитарлық жағдайы, қоғамдық орындардың тазалығы, саябақтар мен скверлердің күтімі, көше бойындағы жасыл аймақтардың жай-күйі және ғимараттардың сыртқы келбеті зерделенген.
Мониторинг қорытындысында бірқатар аумақтарда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының деңгейін арттыру қажеттігі анықталды. Осыған байланысты аудан және қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріліп, көшелерді тазалау, арық-атыздарды ретке келтіру, заңсыз қоқыс орындарын жою, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және жасыл желектерді көбейту бойынша жұмыстарды күшейту міндеттелді.
Бүгінде өңірде тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында түсіндіру және бақылау шаралары қатар жүргізілуде. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда белгіленген талаптарды бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 3 386 хаттама толтырылып, 93,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал 505-бап бойынша 2 599 хаттама рәсімделіп, құқық бұзушылардан 20,7 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде де тазалық талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар назардан тыс қалған жоқ. Ауыл округі әкімдіктері тарапынан 2 276 хаттама толтырылып, оның ішінде 1 851 тұрғынға ескерту берілген. Жалпы сомасы 9,1 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрекет ету мақсатында іске қосылған «TazaQazBot» Telegram чат-боты өз тиімділігін көрсетуде. Жыл басынан бері аталған платформа арқылы 237 өтінім қабылданған. Оның 183-і бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, мәселелер оң шешімін тапқан. Қалған 54 өтінім жауапты мекемелердің қарауында.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, көгалдандыру жұмыстары, өзен-көлдер мен су арналарының аумақтарын тазарту шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Оған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар белсенді қатысуда. Мұндай шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар қоғамда ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиын барысында аудан және қала әкімдеріне елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсарту жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ санитарлық тазалық талаптарының сақталуын қадағалап, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажеттігін атап өтті.
– Таза әрі көрікті орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан әрбір елді мекенде тазалық пен тәртіп мәселесіне жауапкершілікпен қарап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бағдарламаның барлық бағыттары бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу керек, – деді өңір басшысы.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға және өңірдің санитарлық-экологиялық ахуалын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің тазалығы мен көркін арттыруға басымдық берілмек.


