5 айда 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 150,5 %-ды құрады

Oinet.kz 16-06-2026

image.png

Түркістан облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, шетелдік және отандық инвесторларды тарту, өнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл облыста инвестицияларды тарту индикаторы 1 трлн 783,9 млрд теңге көлемінде бекітілсе, жылдың алғашқы бес айының қорытындысымен өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімді көрсетіп отыр.

Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиында өңірге инвестиция тарту көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы және алдағы жоспарлар қаралды.

Мәжілісте айтылғандай, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құраған. Нәтижесінде жылдық жоспар төрт есеге жуық артық орындалып, облыс бұл көрсеткіш бойынша елімізде бірінші орынға шықты. Ал 2026 жылға арналған тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары 499 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілген.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Әрбір инвестициялық жоба тұрақты бақылауда болуы тиіс. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын сапалы ұйымдастыру қажет. Инвестиция тарту арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады, – деді өңір басшысы.

Жиында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында жобалар пулы қайта қаралып, өзектендіру жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде 2026-2029 жылдар аралығында іске асырылатын жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Аталған жобалар толық жүзеге асқанда өңірде 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға серпін береді.

Жобалардың ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бастамалар да аз емес. Жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылуда. Бұл жобалар толық қуатына шыққан кезде 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биылдың өзінде жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іріктелген. Оның ішінде алғашқы бес айда құны 42,4 млрд теңгені құрайтын 11 жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде өңірде 407 жаңа жұмыс орны құрылды.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында бірқатар ірі өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыттың, аффинаж зауыттарының және уран өңдеу кешенінің екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Южная» өнеркәсіптік алаңы іске қосылып, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндік ашылды.

Облыс орталығы Түркістан қаласында тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірнеше жоба қолға алынған. Мұнда тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу фабрикасы және үйге арналған текстиль өнімдерін шығаратын фабрикалардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға және экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауыты салынуда. Сонымен қатар заманауи 16 роторлы иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауытының құрылысы жүргізілуде. Мақтаарал ауданында мақта мен өсімдік майын өңдейтін өндіріс орны бой көтеріп жатыр.

Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған. Ал Сайрам ауданында ет комбинаты, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, арнайы техника құрастыру зауыты, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын және Аустралия әдісімен ұйымдастырылатын мал базарының құрылысы жүргізілуде.

Сауран ауданында сүт өнімдерін өндіру зауыты, ет комбинаты, құрама жем шығару өндірісі, тері өңдеу цехтары мен бордақылау алаңдары салынуда. Арыс қаласында 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешені іске асырылса, Бәйдібек ауданында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрамажем өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр.

Жиын қорытындысында өңірде алдағы жылдары жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар жан-жақты талқыланып, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Облыс басшылығы инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндірістер ашу және жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Жалпы, Түркістан облысында қолға алынған инвестициялық жобалар өңір экономикасының қарқынды дамуына, өнеркәсіп өндірісінің артуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болмақ.

Нұралхан Көшеров: Тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс
Кәсіпкерлік саласында 58,5 млрд теңгенің 377 жобасы сүйемелденіп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу