Кәсіпкерлік саласында 58,5 млрд теңгенің 377 жобасы сүйемелденіп жатыр

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа өндіріс орындарын ашу, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және инвестиция тарту арқылы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі саналады.
Саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Жиында кәсіпкерлік саласының даму көрсеткіштері сараланып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы қаралды.
Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында тұр. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, облыс аталған көрсеткіш бойынша еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына енді.
Мәжілісте кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелері баяндалды. Қазіргі таңда «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда 3 082 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жыл басынан бері осы жобалардың 78-і іске қосылып, өңір экономикасына 9,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Нәтижесінде 275 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған кәсіпорындар әртүрлі салаларды қамтиды. Атап айтқанда, сабын және пластик ыдыс өндірісі, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін шығару, жиһаз жасау, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы жобалар пайдалануға берілді.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл өңірде жүзеге асырылып жатқан «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге жалпы көлемі 85 млрд теңге несие беру жоспарланған. Бұл бағдарламалар жаңа жобаларды іске қосуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 64 кәсіпкерлік жобаға 18,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы шеңберінде 6 жобаға 448,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Мамандардың айтуынша, қаржыландыруға сұраныс жыл сайын артып келеді.
Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз нәтижесін беруде. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 140 жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 69 жобаға 606,4 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бағдарлама арқылы қымыз өндіру, аяқ киім тігу, балық өңдеу, табиғи шырын шығару, ет және мақта өнімдерін өңдеу бағытындағы өндірістер іске қосылған.
Өңір экономикасының дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі – өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру. Осы мақсатта Түркістан облысында шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдар құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында 29 шағын өндірістік алаң құрылған.
Бұл аумақтарда жалпы саны 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның ішінде 141 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Өндірістік алаңдарда жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 жобаның пулы қалыптастырылған. Қазіргі уақытта олардың 78-і іске қосылып үлгерген.
Өндірістік парктерде жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия және тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар өңірде инновациялық және жоғары технологиялық өндірістерді іске қосуға басымдық берілуде.
Жыл соңына дейін ақылды есептегіш құралдар, күн панельдерінің құрамдас бөлшектері, пластикалық құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар ірі өндірістік жобаларды іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жергілікті өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Аппараттық мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды. Өңір басшысы өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, инвестиция тарту қарқынын арттыру, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту және жергілікті өнім өндірушілердің үлесін көбейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің басты тетіктерінің бірі. Сондықтан әрбір жоба сапалы сүйемелденіп, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетілуі тиіс. Жаңа өндірістер ашу арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңір экономикасын нығайтуымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен өндірістік жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.


