Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы: инвестициялық ынтымақтастық кеңеюде

Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныту және шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Сапар барысында делегация Қытайдың жетекші экономикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналатын, Түркістан облысына бауырлас өңір ретінде әріптестік байланыс орнатқан Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы – Ухань қаласында болды. Кездесулердің нәтижесінде Түркістан облығында жүзеге асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық жобалардың ауқымды пулы қалыптасты.
Жұмыс сапары аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен ресми делегация мүшелері Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен арнайы кездесу өткізді. Сонымен қатар Қытайдың өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және инфрақұрылым салаларындағы жетекші компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулердің негізгі мақсаты Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ Түркістан облысына жаңа технологиялар мен инвестициялар тарту болды.
Келіссөздер барысында тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Қытайлық кәсіпкерлер өңірде жүзеге асыруға ниетті инвестициялық ұсыныстарын таныстырып, Түркістан облысының өндірістік әлеуетіне, табиғи ресурстарына және қолайлы географиялық орналасуына жоғары баға берді.
Делегация сондай-ақ Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы ұйымдастырған арнайы жұмыс кездесуіне және дөңгелек үстел отырысына қатысты. Іс-шараға Қытайдың құрылыс, инженерлік және инфрақұрылым салаларындағы ірі компаниялары қатысып, өздерінің халықаралық тәжірибелері мен инвестициялық жобаларын таныстырды.
Аталған кәсіпорындардың қызметі жол және теміржол құрылысы, өнеркәсіптік және азаматтық нысандар салу, көпірлер тұрғызу, инженерлік жүйелер жүргізу және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарын қамтиды. Бұл салалар Түркістан облысының даму басымдықтарымен сәйкес келетіндіктен, тараптар өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесулер барысында инвесторлар Түркістан облысында болат конструкциялар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жобасын таныстырды. Компания көпір тіректерін қорғауға арналған болат құбырлар, микротоннель жүйелері, дренаждық құрылымдар, күрделі металл конструкциялар, өнеркәсіптік ғимараттарға арналған элементтер және модульдік тұрғын үйлер өндірумен айналысады.
Компания өкілдері өңірде өндірістік алаң құруға, жаңа зауыт салуға және жергілікті кәсіпкерлермен әріптестік орнатуға қызығушылық танытты. Бұл жоба іске асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің құрылыс және өнеркәсіп салаларының дамуына қосымша серпін беруі мүмкін.
Қазіргі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш өңір мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кету керек, Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері белсенді дамып келеді. Осы уақыт аралығында қауымдастық Түркістан өңіріне шетелдік инвесторларды тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және халықаралық байланыстарды кеңейту бағытында маңызды алаңға айналды.
Бүгінде Ухань қаласында Түркістан облысының ресми өкілдігі жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдігі ашылған. Бұл өз кезегінде екі өңір арасындағы экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға, кәсіпкерлер арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беруде.
Кездесулер барысында қытайлық инвесторларға Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, өңірдің халықаралық көлік дәліздеріне жақын орналасуы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуеті, инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары мен салықтық жеңілдіктер туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сондай-ақ Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар, өндірістік парктердің мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы бастамалар және туризм саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды.
Қытайлық кәсіпкерлер өңірдің экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, құрылыс материалдарын өндіру, көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және өңдеу өнеркәсібі бағыттарындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, нақты жобаларды пысықтауға және өзара тиімді серіктестікті дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Жалпы, Түркістан облысы бүгінде инвестиция тарту қарқыны жоғары өңірлердің бірі ретінде қалыптасып келеді. Қытайдың Хубэй провинциясында өткен кездесулер нәтижесінде қалыптасқан жаңа инвестициялық жобалар пулы алдағы жылдары өңір экономикасының дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және экспорттық әлеуеттің артуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.


