«Мулань Ханьбэй» тәжірибесі Түркістанның жасыл экономикасын дамытуға негіз болмақ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен бірқатар маңызды келіссөздер жүргізілді. Сапар нәтижесінде өңір экономикасына серпін беретін жаңа инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Бұл бастамаларды нақты іске асыру мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастаған делегация Қытайдың бірнеше ірі кәсіпорындарын аралап, олардың өндірістік әлеуетімен және жұмыс тәжірибесімен жан-жақты танысты.
Сапардың негізгі бағыттарының бірі – Қытайдағы ең ірі көгалдандыру, сәндік өсімдіктер және ағаштар сауда орталықтарының бірі саналатын «Мулань Ханьбэй» кешенінің жұмысын зерделеу болды. Делегация орталықтың инфрақұрылымымен, басқару жүйесімен және нарықтық ұйымдастыру тәжірибесімен танысып, аталған үлгіні Түркістан облысында енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
«Мулань Ханьбэй» кешені Қытайдағы гүл өсіру, сәндік бағбандық және ландшафтық көгалдандыру саласындағы ең ірі сауда алаңдарының бірі болып саналады. Бұл орталықта тұқымбақтар, өндірушілер, ландшафт дизайнерлері, жеткізушілер және сатып алушылар бір алаңға шоғырланған. Кешен аумағында жүздеген павильон жұмыс істейді, онда қалаларды көгалдандыруға, саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыруға, тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандарды сәндеуге арналған өсімдіктердің және қажетті жабдықтардың кең ассортименті ұсынылады.
Аталған нарықта сәндік ағаштар, қылқан жапырақты және жапырақты көшеттер, гүлдейтін бақша өсімдіктері, бөлме гүлдері, маусымдық гүлдер, бонсай композициялары, су өсімдіктері, көгал шөптері, бақша декоры, суару жүйелері мен көгалдандыруға арналған заманауи техникалар кеңінен сатылады. Бұл жүйе Қытайда көгалдандыру саласының толыққанды экожүйе ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
Делегация сапар барысында ірі ағаштарды өсіру мен тасымалдаудың заманауи технологияларымен, көшет логистикасын тиімді ұйымдастыру тәжірибесімен, өнім сапасын бақылау жүйелерімен және цифрлық шешімдермен танысты. Сонымен қатар жасыл аймақтарды жоспарлау, қалалық ландшафты дамыту және урбанистикадағы инновациялық тәсілдер жан-жақты көрсетілді.
Әсіресе Түркістан өңірінің климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып, құрғақ аймақтарға бейімделген сәндік өсімдіктерді өсіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалалар мен елді мекендерде жасыл белдеулерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибелерді енгізу өңірдегі көгалдандыру жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер үшін сәндік өсімдіктер өсіру, ландшафтық дизайн, көгалдандыру қызметтері және көшет өндірісі салаларында жаңа нарықтық мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін бермек.
«Мулань Ханьбэй» тек сауда орталығы ғана емес, халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға арналған маңызды платформа ретінде де жұмыс істейді. Мұнда тұрақты түрде салалық көрмелер, жаңа өсімдік сорттарының таныстырылымдары, халықаралық форумдар және тәжірибе алмасу кездесулері өткізіліп тұрады. Бұл Қытайдың көгалдандыру индустриясында өндіріс, логистика және сауда тізбегін тиімді біріктірудің табысты үлгісі ретінде бағаланады.
Түркістан облысының делегациясы мұндай кешендердің жұмысын зерделеу арқылы өңірде көшет шаруашылығын дамыту, жасыл инфрақұрылымды кеңейту, ландшафтық жобаларды жүйелеу және халықаралық серіктестік орнату бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді қарастырды.
Бүгінде Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, қалаларды көгалдандыру және жасыл аймақтарды көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте Қытайдың жетекші тәжірибесін енгізу өңірдің экологиялық саясатын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп күтілуде.
Қытайдағы «Мулань Ханьбэй» секілді ірі орталықтардың тәжірибесі Түркістан облысында заманауи көшет өндірісін жолға қоюға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және жасыл экономика бағытын дамытуға негіз болмақ.
Жалпы алғанда, аталған жұмыс сапары Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп қана қоймай, өңірді экологиялық және экономикалық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.


