Өңірді көгалдандыруға арналған жаңа жоба қолға алынбақ

Oinet.kz 16-06-2026

image.png

Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамыту, өңірді көгалдандыру және гүл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd. компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалану, заманауи жылыжай кешендерін дамыту, гүл шаруашылығын жолға қою және көгалдандыру бағытындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ тараптар жергілікті шаруалармен әріптестік орнату, тәжірибе алмасу және жаңа технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды.

Облыс әкімі өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері жылыжай шаруашылығы мен гүл өсіру ісін дамытуға толық мүмкіндік береді.

– Жақында Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Бүгінде өзара әріптестік байланыстар нығайып келеді. Біз өңір экономикасына серпін беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен ағаш түрлерін өсіруді ұсынамын. Жергілікті шаруалармен байланыс орнатуға көмектесеміз. Сынақ кезеңі сәтті аяқталған жағдайда жобаны кеңейтуге қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында қытайлық инвесторлар Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға ерекше қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді. Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде өсіру жұмыстары басталған. Алғашқы сынақ нәтижелері оң көрсеткіштерге қол жеткізсе, жоба аясын кеңейтіп, гүл егілетін алқап көлемін 20 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Инвесторлардың пікірінше, Түркістан облысының климаты гүл өсіруге қолайлы. Бұл өз кезегінде сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірілген гүл өнімдерін ішкі нарықпен қатар шетелге экспорттау әлеуеті де жоғары.

Компания өкілдері өндірілетін гүлдерге Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей нарығында сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан өңірде экспортқа бағытталған өндірісті дамыту арқылы жаңа нарықтарға шығуға және қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Мұндай жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың табысын арттыруға және агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң әсерін тигізеді.

Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Компания өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін сынақ ретінде отырғызуды бастайтын болды. Сонымен қатар көгалдандыруға қажетті көшеттерді жергілікті жерде өсіру мүмкіндіктері де қарастырылмақ.

Сынақ кезеңінің нәтижелері оң болған жағдайда жобаны одан әрі кеңейту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері қаралады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысында гүл шаруашылығының дамуына тың серпін беріп, өңірдің көгалдандыру жұмыстарын сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайды.

«Мулань Ханьбэй» тәжірибесі Түркістанның жасыл экономикасын дамытуға негіз болмақ
Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыратын жобалар таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу