Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыратын жобалар таныстырылды

Түркістан облысында сәулет және қала құрылысы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдің сәулеттік келбетін жақсарту, туристік әлеуетін арттыру және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті сәулет кеңесінің отырысы өтті.
Жиын барысында облыс аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар маңызды жобалар қаралып, олардың сәулеттік шешімдері мен инфрақұрылымдық ерекшеліктері талқыланды. Атап айтқанда, Келес ауданы мен Түркістан қаласында салынуы көзделген нысандардың эскиздік жобалары таныстырылып, сәулетшілер мен жауапты мамандар өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес отырысында барлығы жеті сәулеттік жоба ұсынылды. Жас сәулетшілер өңірдің тарихи ерекшелігін сақтай отырып, заманауи талаптарға сай келетін жаңа бастамаларды таныстырды. Ұсынылған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қаланың тартымдылығын арттыруға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Облыс әкімі әрбір жобаға жеке тоқталып, олардың сапалы әрі талапқа сай орындалуы маңызды екенін атап өтті. Ол құрылыс барысында ұлттық нақыш пен заманауи сәулет үрдістерінің үйлесім табуына ерекше мән беру қажеттігін айтты.
– Барлық жобалар сәулеттік талаптарға толық сәйкес болуы тиіс. Қаланың көркі мен тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне әсер ететін әрбір нысан сапалы әрі заманауи талаптарға сай салынуы қажет. Ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеп, тиімді жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Келес ауданында су спорт кешенін салу мәселесі қаралды. Бұл нысан жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар Түркістан қаласында ірі мәдени-көпшілік және мемлекеттік іс-шараларды өткізуге арналған Рәміздер алаңын салу жобасы таныстырылды.
Кеңес барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау жобасы да талқыланды. Бұл бастама тарихи-мәдени мұраны сақтау және туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынуда. Сондай-ақ жол бойында жүк көліктеріне қызмет көрсететін арнайы орталық ашу, футбол академиясын салу және туристерді тартуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Отырыста Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыруға арналған ұсыныстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қаладағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту және қаланың ландшафтық тартымдылығын арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру жөніндегі бастамалар ұсынылды.
Мамандардың айтуынша, бұл жобалар туристердің қалада ұзақ уақыт аялдауына және өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен тереңірек танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар туристік маршруттарды жетілдіру, саяхатшы паспорты мен арнайы маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін электрокар бағыттарын жаңарту мәселелері де көтерілді.
Ұсынылған жоба аясында базар аумағын тек сауда-саттық жүргізілетін орын ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нысандарының біріне айналдыру көзделіп отыр. Бұл бастама қаланың туристік инфрақұрылымын дамытуға және кәсіпкерліктің өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Тәуке хан даңғылын қайта жаңғырту және абаттандыру жобасы таныстырылды. Жоба шеңберінде көшелерді көріктендіру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері қамтылған. Бұл жұмыстар қаланың эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысы баяндалып, Түркі елдерінің орталығын салу жобасы таныстырылды. Жоба түркі халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен мекемелерге ұсынылған жобаларды жетілдіру және оларды сапалы іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.


