Әлеуметтік сала көрсеткіштерінің орындалуы қатаң бақылауда

Түркістан облысында әлеуметтік сала көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарламалар мен индикаторлық жоспарларда белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың барысын талқылау үшін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен мәжіліс өтті.
Жиынға Ордабасы, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау қаласының жауапты сала басшылары қатысып, әлеуметтік бағыттағы көрсеткіштердің орындалу деңгейі бойынша есеп берді. Мәжілісте орындалмау қаупі бар индикаторлар жан-жақты талданып, әрбір өңірдің көрсеткіштері салыстырылды. Сонымен қатар жоспарлы межелерге қол жеткізу жолдары мен қолда бар мүмкіндіктер сараланды.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімінің орынбасарының тапсырмасымен құрылған арнайы жұмысшы топ аудан-қалалардағы ахуалды зерделеп, әлеуметтік салаға қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтаған болатын. Мониторинг барысында кейбір мекемелердің электронды еңбек шарттарын уақытылы тіркемегені, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын рәсімдемегені және қызметкерлердің зейнетақы жарналарын толық көлемде аудармағаны белгілі болды.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында да жекелеген кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, құжаттарды рәсімдеу кезінде мәліметтердің сәйкессіздігі мен әлеуметтік жағдайды бағалаудағы олқылықтар тіркелген.
Жиында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Медеуов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, анықталған кемшіліктерді жою бағытында нақты шаралар қабылданғанын айтты. Оның мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 184 мекеме бойынша 328 азаматтың электронды еңбек шарты рәсімделіп, ақпараттық жүйеде тіркелген.
Сондай-ақ қызметін тоқтатқан немесе басқа өңірлерге көшкен мекемелерге қатысты Түркістан облысының Еңбек инспекциясына тиісті шара қабылдау үшін арнайы хаттар жолданған.
Өз кезегінде Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және жұмыспен қамту бағытындағы зерделеу жұмыстарының қорытындыларымен бөлісті. Оның айтуынша, жүргізілген тексерулер нәтижесінде 51 отбасының құжаттарынан түрлі кемшіліктер анықталып, олар арнайы комиссияның қарауына қайта ұсынылған.
Анықталған кемшіліктердің бірінде ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтердің қате болуы себеп болса, қалған 50 отбасы бойынша сәйкессіздіктер облыстық жұмысшы топтың үй-үйді аралап тексеруі кезінде белгілі болған. Комиссия қорытындысына сәйкес, 7 отбасы заңсыз алынған қаражатты мемлекетке кері қайтаратын болды.
Мәжіліс барысында өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу көрсеткіштері де талқыланды. Бұл бағытта Сауран және Отырар аудандарында бірқатар мәселелер бар екені айтылып, олардың себептері жан-жақты сараланды. Нұрбол Тұрашбеков жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктерінің өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
– Жоспарды орындау үшін мерзімін күтіп жүретіндер бар. Біз уақытқа емес, нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет екенін тағы ескертемін. Екі аптада алғашқы жартыжылдықтың есебі жабылады. Сол кезде сөз бен істің арасы алшақтап жүрмесін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында көрсеткіштердің сапасына ерекше назар аударылды. Нұрбол Әбдісаттарұлы берілетін есептердің шынайылығы мен нақтылығын қамтамасыз ету маңызды екенін айтып, жалған немесе нақты жағдайға сәйкес келмейтін мәліметтерге жол берілмеуі тиіс екенін ескертті.
Мәжіліс қорытындысында аудан-қалалардағы әлеуметтік сала көрсеткіштерінің орындалуы күнделікті бақылауда болатыны айтылды. Сонымен қатар ұсынылған есептердің дұрыстығы тұрақты түрде тексеріліп, жоспарлы межелерге қол жеткізу үшін барлық жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.


