Түркістан: Бес айда 614,2 миллиард теңге инвестиция тартылды
Түркістан облысында өңір экономикасының құрылымын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. Бүгінде облыс инвестициялық тартымдылық көрсеткіштері бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп отыр.
Биыл Түркістан облысына тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион 783,9 миллиард теңге деңгейінде жоспарланған. Жылдың алғашқы бес айының қорытындысында өңір экономикасына 614,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өңірде инвестициялық белсенділіктің жоғары екенін және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Инвестициялық саясаттың басты бағыты шетелдік капиталды тарту мен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға негізделген. Өткен жылдың қорытындысында Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 миллиард 998,2 миллион АҚШ долларына жетіп, белгіленген жоспар төрт есеге жуық артығымен орындалды. Нәтижесінде өңір бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықты. Мұндай жетістік инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жобаларды сүйемелдеу жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде инвестициялық жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланып, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді. Өңір басшысы әрбір инвестициялық жобаның іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын айтып, инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, жаңа өндірістер ашу тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Жаңа өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыруға ерекше мән берілуде. Бұл саясаттың негізгі мақсаты – еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру, шикізаттық бағыттан өңдеуші өнеркәсіпке көшу, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару және импортқа тәуелділікті азайту. Осы бағытта облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында ондаған жаңа өндірістік жоба қолға алынған.
Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жүргізген талдау нәтижесінде өңірдегі инвестициялық жобалар қайта сараланып, олардың тиімділігіне кешенді бағалау жүргізілді. Соның нәтижесінде 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 триллион теңгеден асатын 122 инвестициялық жобаның жаңартылған пулы қалыптастырылды. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жобалардың елеулі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Әсіресе жергілікті шикізатты терең өңдеу, жоғары оқшаулау үлесі бар өндірістерді құру және дайын өнім шығаруға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, экспортқа бағдарланған өндірістердің қалыптасуына жол ашады.
Жалпы инвестициялық пулдың ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 30 ірі жоба бар. Олардың жалпы құны 608,9 миллиард теңгені құрайды. Бұл кәсіпорындар толық қуатына шыққанда 7 799 жаңа жұмыс орны құрылады. Мұндай жобалар Түркістан облысын Қазақстандағы жаңа индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Биылдың өзінде жалпы құны 369,4 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асыру үшін іріктелген. Ал алғашқы бес айдың қорытындысында 42,4 миллиард теңгеге бағаланған 11 жоба пайдалануға беріліп, 400-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі инвестициялық жобалардың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Созақ ауданында стратегиялық маңызы жоғары бірнеше өндірістік жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында күкірт қышқылын өндіру кешені, аффинаж зауыты және уран өңдеу кешенінің екінші кезеңі бар. Бұл жобалар Қазақстанның тау-кен металлургия саласын дамытуға және өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Өңірде іске қосылған «Южная» өнеркәсіптік алаңы да жаңа индустриялық жобаларды шоғырландыратын маңызды орталыққа айналып келеді. Мұнда жаңа өндірістерді орналастыру арқылы кәсіпкерлерге қажетті инженерлік инфрақұрылым ұсынылады.
Түркістан қаласында тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда тоқыма фабрикасы, бояу және әрлеу фабрикасы, үйге арналған текстиль бұйымдарын шығаратын өндіріс орындарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге заманауи 16 роторлы иіру желісімен жабдықталған жаңа тоқыма зауыты салынуда. Бұл кәсіпорындар мақта кластерін дамытуға және дайын өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Отырар ауданында екі бірдей мақта өңдеу зауыты бой көтеріп жатыр. Ал Мақтаарал ауданында мақта мен өсімдік майын өңдеуге арналған кешен салынуда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға бағытталған.
Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйектерінен май мен желатин компоненттерін өндіретін жоғары технологиялы зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Мұндай кәсіпорын бұрын экспортқа шикізат ретінде шығарылып келген өнімдерді өңдеп, дайын тауар түрінде нарыққа ұсынуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданында ет комбинаты, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, арнайы техника құрастыру зауыты, сүт өңдеу кәсіпорны және Австралия технологиясына негізделген заманауи мал сауда орталығы салынуда. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сауран ауданында сүт өңдеу зауыты, ет комбинаты, құрама жем өндірісі, тері өңдеу кәсіпорны және мал бордақылау алаңдары іске асырылып жатыр. Арыс қаласында қуаттылығы 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешені салынуда. Ал Бәйдібек ауданында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем өндіретін зауыттың құрылысы жалғасуда.
Сарапшылардың пікірінше, аталған жобалардың барлығы Түркістан облысында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға, импортты алмастыруға және жоғары оқшаулау деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы жариялаған Жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі басымдықтарымен толық үндеседі.
Қазіргі таңда Түркістан облысы тек аграрлық өңір ғана емес, сонымен қатар индустриялық-инновациялық даму қарқыны жоғары аймаққа айналып келеді. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге негіз қалайды. Алдағы жылдары іске қосылатын жаңа кәсіпорындар Түркістан облысының Қазақстанның оңтүстігіндегі жетекші өндірістік және инвестициялық орталық ретіндегі рөлін одан әрі күшейте түспек.


