Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда

Oinet.kz 13-06-2026

image.png

Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды жетілдіру және көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жай-күйін бақылауда ұстау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесіне сәйкес Жетісай қаласындағы бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Зерделеу барысында тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер назарға алынып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Бүгінде аудан орталығы саналатын Жетісай қаласында жалпы саны 8343 тұрғын үй бар. Онда 50 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Қала аумағындағы 133 көпқабатты тұрғын үйде 1500 пәтер орналасқан. Алайда аталған үйлердің инфрақұрылымдық жағдайы біркелкі емес. Мәселен, 49 көпқабатты тұрғын үйде жертөле қарастырылған болса, қалған 84 тұрғын үйде мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл өз кезегінде коммуналдық қызмет көрсету мен инженерлік жүйелерді орналастыруда белгілі бір қиындықтар туындатуда.

Тексеру барысында аудан басшысы қала тұрғындары үшін көп жылдан бері өзекті мәселелердің біріне айналған жерасты суларының көтерілу проблемасына ерекше тоқталды. Қазіргі таңда бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне жерасты сулары жиналып, тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Мұндай жағдай тұрғын үйлердің техникалық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, санитарлық талаптардың сақталуына да қауіп төндіруі мүмкін.

Мамандардың мәліметінше, аталған мәселенің негізгі себептерінің бірі – қала аумағындағы бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 7 дренаж жүйесінің толық қуатында қызмет атқармауы. Соның салдарынан жерасты сулары уақытылы сыртқа шығарылмай, тұрғын үйлердің маңына және жертөлелеріне жиналуда. Осыған байланысты аудан әкімі Серік Мамытов жауапты бөлім басшылары мен қала әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, жертөлелерде жиналған суды тазарту жұмыстарын күшейтуді және қолданыстағы дренаж жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан басшысы қаланың күрделі мәселелерін түбегейлі шешуге бағытталған жаңа жобалармен танысты. Атап айтқанда, Жетісай қаласындағы жерасты суының деңгейін төмендету үшін салынуы жоспарланған 4 тік дренажды ұңғыманың орналасу орындары мен олардың қамту аймақтары қаралды. Жауапты мамандар жобаның техникалық ерекшеліктері жөнінде баяндап, оның жүзеге асуы қаладағы гидрологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Пікір алмасу барысында аудан әкімі жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуі тиіс.

Зерделеу жұмыстары барысында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан ескі әжетханаларды кезең-кезеңімен бұзып, тұрғындарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бұл бастама санитарлық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлерді кондоминиум бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне де ерекше мән берілді. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, ортақ келісімге келуді және заң аясында олардың ұсыныстары мен өтініштерін қарастыруды тапсырды.

Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты нәтижесін бере бастаған. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көппәтерлі тұрғын үйлердің құқықтық мәртебесін реттеу бағытында жүйелі шаралар қолға алынған.

Нәтижесінде кондоминиум бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 71 көппәтерлі тұрғын үйге мемлекеттік акт рәсімделген. Сонымен қатар тағы 18 тұрғын үй бойынша жерге орналастыру жобалары әзірленіп, тиісті рәсімдер жүргізілуде. Бұл жұмыстар тұрғын үйлерді тиімді басқаруға, коммуналдық мәселелерді шешуге және тұрғындардың ортақ мүлкін заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аудан басшылығы қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға басымдық бермек.

Бірінші вице-министр Түркістандағы әлеуметтік нысандарды аралады
Түлкібас туризмді дамытуда халықаралық тәжірибеге сүйенеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу