Бірінші вице-министр Түркістандағы әлеуметтік нысандарды аралады

Oinet.kz 14-06-2026

image.png

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Сонымен қатар бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Облыс тұрғындарымен өткен кездесуді ашқан Ербол Тұяқбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде жүзеге асырылып жатқан бастамалар, халықты жұмыспен қамтуды арттыру, азаматтардың табысын көбейту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және еңбек нарығын дамыту бағытында қолға алынған шаралар туралы жан-жақты баяндады.

Бірінші вице-министр өз сөзінде Түркістан облысы еңбек ресурстары мол, демографиялық өсімі жоғары әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі еңбекке қабілетті халық санының артуы жаңа жұмыс орындарын ашу мен сапалы жұмыспен қамту шараларын күшейтуді талап етеді.

– Бүгінгі біздің міндетіміз – тек жұмыс орындарын құру ғана емес, халық табысының тұрақты өсуін және азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруын қамтамасыз ету. Мемлекеттік саясат адамдардың жұмыспен қамтылу, кәсіби тұрғыдан дамып, отбасының әл-ауқатын арттыру үшін нақты мүмкіндіктер беруі тиіс. Сондықтан жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде, – деді Ербол Тұяқбаев.

Кездесу барысында еңбек нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік даярлау, қайта оқыту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мәселелеріне басымдық берілді. Қатысушылар қазіргі таңда техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныстың артып отырғанын айтып, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты қажеттіліктерімен ұштастырудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасылармен жұмысты жетілдіру мәселелері қаралды. Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты азаматтардың әл-ауқатын арттыру және өмір сапасын жақсарту екені айтылды.

Кездесу барысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер де айқындалды. Атап айтқанда, халық табысын арттыру, сапалы жұмыспен қамтуды дамыту, тұрақты жұмыс орындарын құру, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау, әлеуметтік қолайсыздық деңгейін төмендету және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр.

Жиыннан кейін бірінші вице-министр азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдер, еңбек қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар барлық өтініштер мен ұсыныстар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауына алынатыны айтылды.

Жұмыс сапары аясында Ербол Тұяқбаев Түркістан облысының Еңбек мобильділігі орталығының жұмысымен танысты. Орталықта халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалардың нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар еңбек нарығы инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жұмыссыз азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мәселелері қаралды.

Сапар барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшылығы және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кеңес өтті. Кеңесте еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның келесі бөлігі әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралауға арналды. Бірінші вице-министр мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтып отырған «Ақниет Holding» қоғамдық бірлестігінің жиһаз өндірісімен танысты. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға еңбек етуге қолайлы жағдай жасалып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріліп отыр.

Сонымен қатар Ербол Тұяқбаев Кентау қаласындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға арналған мамандандырылған кәсіптік колледжде болды. Білім беру мекемесінде жастарды кәсіптік даярлау, әлеуметтік бейімдеу және еңбек нарығына дайындау бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Жұмыс сапарының қорытынды кезеңінде бірінші вице-министр «Кентау трансформатор зауыты» АҚ қызметімен танысты. Кәсіпорында өндіріс көлемін ұлғайту, білікті кадрлар даярлау, еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылық пен қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға назар аударылды.

Сапар қорытындысында Ербол Тұяқбаев өңірдің одан әрі дамуы сапалы жұмыс орындарын құруға, еңбек өнімділігін арттыруға, жастарды қолдауға және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге негізделуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек және әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Қазығұртта жаңа өндіріс орны ашылмақ
Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу