Қазығұртта жаңа өндіріс орны ашылмақ

Oinet.kz 17-06-2026

image.png

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров SP ООО «ZHONGTIAN CHEMICAL» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Қазығұрт ауданында инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Басқосуға облыстың жауапты басқарма басшылары мен сала мамандары қатысып, жобаны іске асырудың негізгі тетіктері қаралды.

Кездесу барысында компания өкілдері өңірде жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобаның тұжырымдамасын таныстырып, оның өндірістік қуаты, инвестиция көлемі және әлеуметтік-экономикалық тиімділігі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар кәсіпорынның жұмыс бағыты, өндірісте қолданылатын технологиялар, өнім түрлері және жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлары талқыланды.

Тараптар өндіріс орнын орналастыруға қолайлы аумақтарды анықтау, қажетті жер телімін бөлу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту, электр қуаты, табиғи газ және су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында туындауы мүмкін ұйымдастырушылық мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір экономикасын дамытуда өндірістік жобалардың маңызы зор. Сондықтан жаңа кәсіпорындар ашуға, заманауи өндірістерді іске қосуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіледі.

– Түркістан облысы инвесторлар үшін тартымды өңірлердің біріне айналып келеді. Біз өндіріс орындарын ашуға ниетті инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір инвестициялық жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Сондықтан инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүдделіміз, – деді облыс әкімі.

Компания өкілдері өз кезегінде Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, өңірдің географиялық орналасуы, еңбек ресурстарының жеткіліктілігі және өндірісті дамытуға қолайлы мүмкіндіктері жобаны іске асыруға оң ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ жобаны іске асырудың алдағы кезеңдері нақтыланып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары белгіленді. Нәтижесінде инвестициялық бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті рәсімдерді заң талаптарына сәйкес жүргізу жөнінде келісім жасалды.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, өнеркәсіп көлемін ұлғайту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Нәтижесінде облыстың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді.

Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірдің экономикасына салынған инвестиция көлемінің едәуір артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар облыста 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Қазіргі таңда жалпы саны 122 жобаны қамтитын бұл пул толық іске асқан жағдайда 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Аталған жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы, логистика және баламалы энергия көздері салаларын қамтиды.

Жобалар қатарында шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бастамалардың үлесі де жоғары. Атап айтқанда, жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұндай жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңа технологиялардың енгізілуіне, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық саясаттың негізгі мақсаты – өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс көлемін арттыру, экспортқа бағытталған кәсіпорындар санын көбейту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға басымдық берілмек.

Түркістанда қытайлық тәжірибе қолданылады
Бірінші вице-министр Түркістандағы әлеуметтік нысандарды аралады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу