Полиция интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады

Oinet.kz 10-06-2026

image.png

Түркістан облысында «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қылмыстарды жедел ашу бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ірі көлемдегі интернет-алаяқтық қылмысын жасаған күдіктіні ұстады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оның заңсыз әрекеттері әшкереленіп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Анықталғандай, күдікті өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, әлеуметтік желілер арқылы Түркістан қаласының тұрғынын төмен пайызбен несие рәсімдеуге көмектесемін деп сендірген. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, әртүрлі сылтаулармен 2,5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.

Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралар барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол Шымкент қаласында ұсталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы бірнеше интернет-алаяқтық фактілеріне қатысы бары белгілі болды. Жалпы келтірілген материалдық шығын көлемі 7 миллион теңгеден асады.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту болып табылады. Осы тұрғыда киберқылмысқа қарсы күрес жобаның басым бағыттарының бірі саналады.

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтық фактілерінің көбеюіне байланысты цифрлық ортада профилактикалық жұмыстарды күшейту, халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық схемаларына қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Түркістан облысы Полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде барынша сақ болуға шақырады. Белгісіз адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеу, банк қызметкерлері атынан келген хабарламаларды ресми дереккөздер арқылы тексеру және жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеу қажеттігі ескертіледі.

Құқық қорғау органдары «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын одан әрі күшейтіп, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра береді.

Жедел басқару орталығы арқылы қоғамдық қауіпсіздік күшейтілуде
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу