Әдеп, адалдық және қауіпсіздік: өзекті мәселелер талқыға түсті

ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік әдебі мен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу мәселелеріне арналған семинар өтті.
Іс-шараға департаменттің құрылымдық және аумақтық бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысып, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының өкілі Э.Байдарбекова, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының өкілі Б.Анарбек және Түркістан облыстық дін істері басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығының Медиа және жасанды интеллект бөлімінің басшысы А.Дүйсен қатысты.
Жиынды ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары әрі әдеп жөніндегі уәкіл Б.Азим ашып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызмет саласында адалдық пен әділдік қағидаттарын берік ұстану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қызметтік әдеп талаптарын сақтау әрбір қызметкердің басты міндеті екенін атап өтті.
Семинар барысында қатысушыларға мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформалар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету тетіктері және қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының өкілі Э.Байдарбекова мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол мемлекеттік органдардағы ашықтық пен есептілікті арттыру, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының өкілі Б.Анарбек мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселелеріне тоқталды. Ол мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқы мен кәсіби мәдениеті мемлекеттік органның беделіне тікелей әсер ететінін айтып, қызмет барысында және күнделікті өмірде этикалық талаптарды сақтау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ қызметтік тәртіпті нығайту, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстану мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Семинардың маңызды бағыттарының бірі – діни қауіпсіздік пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселесі болды. Бұл тақырыпта сөз сөйлеген Дін мәселелерін зерттеу орталығының Медиа және жасанды интеллект бөлімінің басшысы А.Дүйсен салафизм мен өзге де деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы баяндады. Ол жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, радикалды идеологиялардың таралуына қарсы иммунитет қалыптастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Маманның айтуынша, деструктивті ағымдар қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп қана қоймай, жастардың дүниетанымы мен құндылықтарына теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, қоғамдық институттар мен дін саласындағы мамандар бірлесе отырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуі қажет.
Семинар барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік әдепті сақтау және діни экстремизмнің таралуына жол бермеу бағытындағы тәжірибелер мен ұсыныстар талқыланды.
Жиын қорытындысында департамент басшысының орынбасары Б.Азим құрылымдық және аумақтық бөлім басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен қоғамның мемлекетке деген сенімі ең алдымен ашықтыққа, адалдыққа және заң талаптарын қатаң сақтауға байланысты. Сондықтан мұндай семинарлар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, құқықтық мәдениетті нығайтуға, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де маңызды үлес қосады.


