Сапалы білімге жол ашқан жобалар

Oinet.kz 19-06-2026

image.png

Түркістан облысында білім беру саласын дамыту, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи мектептер салу және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылуда.

Өңірдегі білім саласын дамыту бағытындағы жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер көптеп салынып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Нәтижесінде оқушылардың заманауи талаптарға сай білім алуына мүмкіндік жасалып, білім беру сапасын арттыруға негіз қалануда.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өйткені сапалы білім мен заманауи мектептер болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың, адами капиталды дамытудың және қоғамның тұрақты дамуының басты кепілі саналады.

Соңғы жылдары облыста жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, 2018 жылы – 39, 2019 жылы – 26, 2020 жылы – 23, 2021 жылы – 37, 2022 жылы – 24, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 11 және 2025 жылы 3 мектеп пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы тағы 2 мектеп ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін 6 мектеп пен 1 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жаңа буынды дамыту орталығының 4 нысанының құрылысы жүргізілуде.

Жалпы алғанда, 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 185 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Жаңа мектептердің ашылуы оқушы орындарының тапшылығын азайтып қана қоймай, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жаңа білім ошақтары кең әрі жарық сыныптармен, заманауи зертханалармен, пәндік кабинеттермен, кітапханалармен және спорт залдарымен жабдықталып келеді.

Бүгінде облыста 1106 мектеп жұмыс істейді. Осындай ауқымды білім беру жүйесінің сапасын арттыру мақсатында мектептерді реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 2025-2027 жылдары 115 мектепті жаңғырту көзделген.

Өткен жылы реновация бағдарламасына 41 мектеп енгізіліп, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Қалған 15 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған нысандарды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін толық пайдалануға беру жоспарланған. Ал биыл тағы 38 мектепті жаңғырту көзделіп отыр.

Мектептерді жаңғырту жұмыстары тек ғимараттарды жөндеумен шектелмейді. Бұл ретте оқу кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, білім алушылар мен педагогтер үшін қолайлы орта қалыптастырылуда. Мұндай жұмыстар білім сапасын арттыруға және оқу процесінің тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа оқу жылына дайындық аясында облыстағы 125 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының инженерлік жүйелерін жетілдіру мақсатында 110 нысанды кезең-кезеңімен қатты отыннан табиғи газға көшіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл шаралар мектептердің жайлылығын арттырып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне де ықпал етеді.

Өңірдегі маңызды бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Аталған жоба аясында өткен жылы облыста салынып жатқан 33 білім беру нысанының 29-ы пайдалануға берілді. Бұл мектептер заманауи архитектуралық талаптарға сәйкес салынып, білім беру процесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

«Келешек мектептері» жобасының басты ерекшелігі – білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің жасалуы. Мұнда пәндік кабинеттер, зертханалар, шығармашылық және спорттық алаңдар қарастырылып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықтарды азайтуға ықпал етеді.

Білім беру саласындағы мұндай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі апатты мектептер саны азайып, үш ауысымды оқу мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Сонымен қатар балалардың сапалы білімге қолжетімділігі артып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи білім беру ортасы қалыптасып келеді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында қолға алынған жобалар жас ұрпақтың сапалы білім алуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып өсуіне негіз болады.

Жалпы алғанда, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасауға және білім сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар Түркістан облысында заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін беруде.

Қарнақта қауіпсіздік нығая түсті
Жылына 200 мың турист қабылдайтын аквапарк бой көтеруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу