Жылына 200 мың турист қабылдайтын аквапарк бой көтеруде

Түркістан қаласында туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары көне шаһар халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналып, ішкі және сыртқы туристердің қызығушылығын арттырған маңызды бағыттардың біріне айналды. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірде жаңа туристік нысандар бой көтеріп, демалыс және ойын-сауық инфрақұрылымы қарқынды дамуда.
Осындай маңызды жобалардың бірі – Түркістан қаласында салынып жатқан «Turan» аквапарк-су саябағы. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Өңір басшысы жауапты тұлғалармен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуы мәселелерін талқылады.
Ауқымды жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында 160-қа жуық жұмысшы күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Құрылыс жұмыстары бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізілуде. Инвесторлардың мәліметінше, жобаның алғашқы кезеңін ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Аквапарк пен туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы биылғы жылдың наурыз айында басталған. Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын кешен толық іске қосылған жағдайда жылына 200 мыңға дейін турист пен демалушыны қабылдай алады. Бұл көрсеткіш Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыруға және өңірдің қызмет көрсету саласын дамытуға елеулі үлес қоспақ.
Бүгінде Түркістан тек тарихи-мәдени орталық ретінде ғана емес, заманауи туристік инфрақұрылымы дамыған қала ретінде де қалыптасып келеді. Соңғы жылдары өңірге келетін туристер саны тұрақты өсуде. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өзге де тарихи нысандарды тамашалауға келген қонақтардың сапалы демалысын ұйымдастыру мақсатында жаңа туристік кешендер мен ойын-сауық орталықтарын салу маңызды міндеттердің біріне айналды.
Құрылыс алаңын аралау барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір экономикасы мен туризмін дамытудағы маңызына ерекше тоқталды.
– Түркістан үшін маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын туристер легі артып келеді. Сондықтан туристерге тек тарихи нысандар ғана емес, сапалы демалыс орындары да қажет. Бұл аквапарк еліміздегі ең тартымды туристік нысандардың біріне айналып, өңірімізге басқа облыстардан және шетелден келетін туристер санын арттырады деп сенеміз. Ең бастысы, жоба белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асуы қажет, – деді өңір басшысы.
Жобаны жүзеге асырып жатқан «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co. Ltd.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бұл шетелдік капиталдың келуіне және жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр.
Жоба толық іске асқанда 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар құрылыс кезеңінде де ондаған азамат еңбекпен қамтылып отыр.
Аквапарк құрылысы үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу орталығы, киім ауыстыратын бөлмелері бар ғимараттар, суға шомылу аймақтары және түрлі су аттракциондары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар алғашқы кезеңде айналмалы аквапарк іске қосылады.
Екінші және үшінші кезеңдерде жобаның ауқымы одан әрі кеңейтіледі. Жоспарға сәйкес, мұнда заманауи қонақ үй, мейрамханалар, отбасылық демалыс аймақтары және қосымша ойын-сауық нысандары салынады. Кешен әлемдік стандарттарға сай алып толқын бассейндерімен, экстремалды және балаларға арналған су аттракциондарымен жабдықталады. Демалушылар үшін қауіпсіздік, жайлылық және жоғары деңгейдегі сервис толық қамтамасыз етіледі.
Мамандардың пікірінше, мұндай ауқымды нысандар туристердің қалада болу уақытын ұзартып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Себебі туристердің көбеюі қонақ үй, қоғамдық тамақтану, көлік және сауда салаларындағы қызметтерге деген сұранысты арттырады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына қосымша серпін береді.
Бүгінде Түркістан облысында туризмді экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа туристік нысандардың салынуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде қалыптасуына мүмкіндік беруде.
Айта кетейік, «Turan» аквапарк-су саябағы Түркістан қаласындағы ең ірі туристік жобалардың бірі саналады. Жоба толық аяқталғаннан кейін өңірге келетін туристер санын арттырып қана қоймай, Түркістанның Орталық Азиядағы заманауи туристік орталық ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл кешен туристерге тарихи мұралармен қатар, сапалы әрі заманауи демалыс қызметтерін ұсынатын жаңа туристік бағыттың қалыптасуына жол ашады.


