Адам саудасына қарсы күрес – ортақ міндет

Адам саудасы – адамның еркіндігі мен қадір-қасиетіне қол сұғатын, оның негізгі құқықтарын өрескел бұзатын ауыр қылмыс. Бұл мәселенің алдын алу үшін халықтың құқықтық сауатын арттырып, азаматтарға қауіп-қатерден сақтану жолдарын түсіндірудің маңызы зор.
Осы бағытта Шымкент – Астана бағыты бойынша жүріп келе жатқан жолаушылар арасында «Адам саудасына қарсы қылмыс» тақырыбында ақпараттық-насихаттау іс-шарасы ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтарға адам саудасының қаупін түсіндіру, қылмыстың алдын алу және күмәнді жағдайларда сақтық шараларын дұрыс қолдануға үйрету.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолаушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адам саудасының негізгі белгілері, одан қорғану жолдары және қауіп туындаған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде маңызды ақпаратпен бөлісті.
Мамандардың айтуынша, адам саудасының құрбаны болмау үшін кез келген ұсынысқа сақтықпен қараған жөн. Әсіресе шетелге немесе басқа қалаға жұмысқа, оқуға шығатын азаматтар бейтаныс адамдарға жеке құжаттарын бермеуі керек. Жұмыс немесе оқу туралы ұсыныстың шынайылығын алдын ала тексеріп, ұйымның заңды тіркелуін, мекенжайын және байланыс деректерін анықтаған дұрыс.
Қауіпсіздік үшін жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды алдын ала хабарлап, сапарға қатысты маңызды мәліметтерді бөліскен жөн. Құжаттардың көшірмесін сенімді адамға қалдыру да төтенше жағдайда қажетті ақпаратты тез қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Күмәнді ұсынысқа тап болған немесе өзіне қауіп төніп тұрғанын сезген азамат жағдайды елемей қалмауы қажет. Мұндай жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлап, көмек сұраған дұрыс.
Полиция қызметкерлері азаматтарға адам саудасының алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін еске салады. Әр адамның қырағылығы мен құқықтық сауаты қылмыстың жолын кесуге ықпал етеді.
Қоғамдық қауіпсіздік азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуінен басталады. Сондықтан кез келген күмәнді жағдайға бейжай қарамай, сақтық шараларын сақтау – өз өмірің мен қауіпсіздігіңді қорғаудың маңызды қадамы.


