200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды

Oinet.kz 29-07-2026

Screenshot_11.jpg

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. «Қауіпсіз қоғам» тұжырымдамасы азаматтардың өмірін қорғауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаменті заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде күшейтіп келеді.

Бүгінде қала аумағында қылмыстың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бейнебақылау жүйесін кеңейтуге көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері Полиция департаменті мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарға қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты 3027 ұсыныс жолдады. Оның 2652-сі бойынша нақты шаралар қабылданып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағында 219 жаңа бейнебақылау камерасы, 10 жарықтандыру шамы және 5 дабыл беру жүйесі орнатылды. Бұл құрылғылар адамдар көп жиналатын орындарды, көшелерді, әлеуметтік нысандарды және қылмыс жиі тіркелетін аумақтарды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Заманауи бақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды жедел анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және құқық қорғау органдарының әрекет ету уақытын қысқартуға да ықпал етеді.

«Қауіпсіз қоғам» қағидаты тек техникалық құралдарды көбейтумен шектелмейді. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру да – қауіпсіз ортаны құрудың маңызды бөлігі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында белгілі спортшылардың қатысуымен жастарға арналған тәрбиелік кездесулер өткізілді. Басқосуда оқушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау, құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы түсіндірілді.

Мамандардың пікірінше, қауіпсіз қоғам қалыптастыру – полицияның ғана емес, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Заманауи бейнебақылау жүйелері, жарықтандырылған көшелер, жедел хабар беру құралдары мен құқықтық ағарту жұмыстары бір-бірімен өзара сабақтасқанда ғана тиімді нәтиже береді.

Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.

Шымкент полицейлері танымал блогермен бірге түнгі рейдке шықты
Шымкентте «Балалар қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу