Шымкентте «Балалар қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

Oinet.kz 28-07-2026

Screenshot_15.jpg

Баланың қауіпсіздігі – қоғамның қауіпсіздігі. Өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Балалар қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала прокуратурасы мен әкімдік өкілдерімен бірлесіп, қала аумағындағы ойын-сауық орындарында, саябақтарда, сауда ойын-сауық орталықтарында және өзге де қоғамдық орындарда кешенді рейдтік жұмыстар жүргізді. Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздігіне кері әсер ететін жағдайларды анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.

Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар анықталды. Әрбір жағдай бойынша балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекке қойылып, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдерімен жан-жақты профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, ата-аналарға баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік кеңінен түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруі олардың түрлі құқық бұзушылықтарға тап болуына немесе құқық бұзушылық жасауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.

Полицейлер ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қайда жүргеніне үнемі назар аударуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Өйткені бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Шымкент қаласы Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырады. 

200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды
Шымкентте полиция басшысы Сайрам елді мекенінің тұрғындарымен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу