Полиция департаменті интернет-ресурста тараған ақпаратқа түсініктеме берді

Шымкент қаласы Полиция департаменті жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда «Sin Yuan Steel» ЖШС қызметіне қатысты таралған ақпаратқа байланысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру кәсіпорын аумағында шетел азаматы заңсыз ұсталып отыр деген хабарламаның полицияға келіп түсуіне байланысты басталған. Ақпарат тіркелген бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, көрсетілген деректерді жан-жақты тексеруге кіріскен.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде шетел азаматының заңсыз ұсталғаны туралы мәлімет өз растауын таппады. Яғни әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде тараған бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.
Сонымен қатар тексеру барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарының сақталуына да бақылау жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпорын аумағында елімізде заңды түрде болуын растайтын құжаттары жоқ бірқатар шетел азаматтары анықталды. Аталған деректер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік іс жүргізу шаралары қолға алынды.
Жиналған материалдар соттың қарауына жолданып, сот шешімімен 42 шетел азаматы Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, тексеру барысында шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының көші-қон талаптарын бұза отырып еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды. Атап айтқанда, олардың арасында еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті рұқсаттары мен еңбек визалары жоқ азаматтардың болғаны анықталды.
Қазіргі уақытта кәсіпорынға шетелдік жұмыс күшін заң талаптарын сақтамай тартуға жол берген жауапты лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі заң аясында қарастырылып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаменті кез келген хабарлама міндетті түрде жан-жақты әрі объективті тексерілетінін атап өтеді. Сонымен қатар азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, әлеуметтік желілерде таралатын расталмаған мәліметтерге сенбеуге шақырады. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және заң талаптарын бұзудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.


