Полиция басшысы тұрғындармен ашық кездесу өткізді

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдардың халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнатуын, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қоюды көздейді. Бұл қағидат құқық қорғау саласында да жүйелі түрде жүзеге асырылып, тұрғындардың пікірін ескеру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және халықтың полицияға деген сенімін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев тұрғындармен кезекті көшпелі кездесу өткізді. Бұл жолғы ашық диалог Еңбекші ауданына қарасты Қарабастау, Чапаевка, Ворошиловка, Көксай және Еламан елді мекендерінің тұрғындарының қатысуымен өтті.
Кездесудің басты мақсаты – азаматтарды толғандырған мәселелерді тікелей тыңдап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру және полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Ашық форматта өткен жиында тұрғындар қоғамдық тәртіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтардың алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату және өзге де маңызды мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Полиция департаментінің бастығы әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар жекелеген мәселелерді шешу үшін жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, барлық ұсыныстар мен өтініштердің орындалуы жеке бақылауға алынатыны жеткізілді.
Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев тұрғындардың сенімі мен белсенділігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметінің тиімділігі халықпен өзара түсіністікке, ашық диалогқа және бірлескен жұмысқа негізделгенде ғана арта түседі. Сондықтан мұндай көшпелі кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, азаматтардың пікірін ескеруге және әрбір өтінішке дер кезінде әрекет етуге басымдық беріп келеді.


