Шымкентте 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Oinet.kz 13-07-2026

Screenshot_14.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл қағидат қоғамдық қауіпсіздікпен қатар қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарын орындауды да қамтиды. Өйткені таза қала – заң талаптарын құрметтейтін әрі жауапкершілігі жоғары қоғамның айқын көрінісі.

Осы мақсатта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қала тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларының орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған ауқымды рейдтік іс-шара өткізді.

Рейд барысында полицейлер қала көшелерін, тұрғын үй аулаларын, саябақтарды, қоғамдық орындарды және басқа да аумақтарды жан-жақты тексерді. Ерекше назар санитарлық талаптардың сақталуына, қоғамдық орындарды ластау фактілеріне және абаттандыру қағидаларының орындалуына аударылды. Сонымен қатар рейд кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондардың көмегімен әуеден бақылау жүргізілді. Заманауи технологияларды пайдалану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, мониторингтің тиімділігін арттыруға және кең аумақты қысқа мерзімде қамтуға мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысы бойынша 225 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, белгіленбеген орындарда сауда жасау, абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық тәртіпке қатысты өзге де заң бұзушылықтар бар. Әрбір құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шаралар қабылданды.

Полиция қызметкерлері мұндай рейдтердің басты мақсаты азаматтарды жауапкершілікке тарту ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір тұрғынның азаматтық міндеті.

Шымкент қаласының полиция департаменті мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заң талаптарын сақтау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және қоғамдық тәртіпті құрметтеу арқылы ғана қауіпсіз, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға болады.

Шымкентте түнгі профилактикалық рейд өтті
Қоғамдық тәртіпт – тазалықтан басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу