Жол-көлік оқиғасының алдын-алу басты назарда

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Осы міндеттерді іске асыру аясында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық көліктердің қозғалыс қауіпсіздігін күшейту және жүргізушілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру.
Кездесуге Еңбекші ауданы әкімінің аппаратының қызметкерлері, аудан прокуратурасының өкілдері, Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары, патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ «Shymkent Bus» және «Радуга-Транспорт» мекемелерінің автобус жүргізушілері қатысты.
Жиын барысында қоғамдық көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау, көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындаудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ жолдағы тәртіпті сақтау – әрбір жүргізушінің кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық парызы екені ерекше атап өтілді.
Мамандар жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін елемеу, жылдамдықты шамадан тыс асыру, жүргізушінің назарын басқаға аударуы және жауапсыз әрекеттер салдарынан орын алатынын айтып, мұндай құқық бұзушылықтардың ауыр зардаптарға әкелетінін ескертті. Осыған байланысты қоғамдық көлік жүргізушілеріне заң талаптарын бұлжытпай орындау, еңбек және демалыс режимін сақтау, жолаушыларды тасымалдау кезінде барынша сақ болу жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Кездесу барысында қатысушылар жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруда профилактикалық жұмыстардың маңызына тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алу – жазалаудан әлдеқайда тиімді екеніне назар аударды. Бұл бағыттағы түсіндіру шаралары қоғамдық көлік саласында қауіпсіз әрі тәртіпке негізделген қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік, ал заңға құрмет пен тәртіпке бағыну – адам өмірін сақтаудың ең сенімді кепілі.


