Қайталама қылмыстың алдын алу – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бағыты

«Заң мен тәртіп» қағидаты құқық үстемдігін нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды талап етеді. Осы мақсатта Шымкент қаласының Еңбекші ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу және пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселелеріне арналған мекемеаралық мәжіліс өткізілді.
Жиын Еңбекші ауданы прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырылып, оған аудандық полиция басқармасы мен пробация қызметінің өкілдері, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдардың мамандары қатысты. Басқосуда пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың құқықтық мәртебесі, оларды әлеуметтік оңалту, тұрақты жұмыспен қамту, қайталама қылмыстың алдын алу және сот актілерінің толық әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс барысында құқық бұзушылыққа қайта баруға әсер ететін әлеуметтік және тұрмыстық факторларды азайту, сотталғандардың заң талаптарын сақтауын бақылауды күшейту, мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар келтірілген материалдық залалдың өтелуі, жазаға байланысты сот шешімдерінің орындалу барысы және пробациядағы азаматтардың қоғамға бейімделу деңгейі сараланды.
Қатысушылар азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету, психологиялық және құқықтық кеңес беру сияқты шаралар адамның қайта қылмыс жасау тәуекелін төмендететін маңызды тетіктердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы құрылымдардың өзара үйлесімді жұмысы қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады.
Мәжіліс қорытындысында уәкілетті органдарға анықталған кемшіліктерді жою, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, сот актілерінің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және қабылданған профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру – тек құқық бұзушылыққа тосқауыл қою ғана емес, қателік жасаған азаматтың түзелуіне мүмкіндік беретін тиімді әлеуметтік тетіктерді қалыптастыру. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтып, әділетті Қазақстанды құруға қызмет етеді.


