Борышкерлер қарыздарын ерікті түрде толық өтеді

Баланың құқығын қорғау және сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі. Әрбір ата-ананың өз баласын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуі – заңмен бекітілген міндет қана емес, адамгершілік жауапкершілігі. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.
Іс-шара барысында прокуратура Жедел басқару орталығымен бірлесіп, алимент бойынша 14 миллион теңге көлемінде берешегі бар борышкердің автокөлігін анықтап, заң талаптарына сәйкес ұстады. Кейін көлік арнайы тұраққа қойылып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті рәсімдер жүргізілді. Сонымен қатар алимент бойынша қарызы бар азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, оларға міндеттемелерді орындамаудың құқықтық салдары мен көзделген жауаптылық шаралары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
«Заң мен тәртіп» жобасының басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот шешімдерінің орындалуына қол жеткізу және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау. Алимент өндіру мәселесінде бұл қағидат ерекше маңызға ие. Өйткені алимент – ең алдымен баланың заңмен қорғалатын құқығы. Сот актілерін орындаудан жалтару құқықтық тәртіпке нұқсан келтіріп қана қоймай, кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір ата-ананың заң алдындағы міндетін адал орындауы – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде борышкерлердің бірі 2 миллион теңге көлеміндегі алимент берешегін ерікті түрде толық өтеді. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында алимент төлеуден жалтарудың құқықтық салдары туралы ақпараттық брошюралар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби ауданының прокуратурасы алдағы уақытта да сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау және «Заң мен тәртіп» жобасы аясында заңдылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Қала прокуратурасы алиментті уақытылы төлеу – әрбір ата-ананың заңмен белгіленген міндеті екенін еске салады. Алименттік міндеттемелерді орындаудан жалтарған тұлғалар заңнамада көзделген жауаптылыққа тартылады.


