Прокурорлар су айдындарында зерделеу жұмыстарын жүргізді

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның санитариялық жағдайын жақсарту – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы бастамашы болған «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осыған байланысты Еңбекші ауданы прокуратурасының бастамасымен аудан аумағындағы су айдындарының санитариялық және экологиялық қауіпсіздігіне кешенді зерделеу жүргізілді. Зерттеу барысында Бадам-2 тұрғын алабындағы Сайрамсу және Бадам өзендерінен алынған төрт сынаманың барлығынан лямблия цисталары анықталып, аталған аумақтардағы судың шомылуға қауіпті екені белгілі болды. Прокуратураның үйлестіруімен аудан әкімдігі, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жедел түрде бірлескен іс-шараларды қолға алды. Су жағалауларына «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту тақтайшалары орнатылып, санитариялық тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Заң мен тәртіп» жобасының басты мақсаты – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу. Бұл ретте су айдындарының тазалығын сақтау, экологиялық талаптарды орындау және қоғамдық орындарды ластамау – әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Табиғатты қорғау мен санитариялық талаптарды сақтау құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан профилактикалық жұмыстар мен түсіндіру шаралары қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды тетігі саналады.
Іс-шаралар аясында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызы түсіндірілді. Рейд барысында өзенге қоқыс тастаған тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде су айдындарын ластау фактілері едәуір азайып, жағалау аумақтары толық тазартылды. Шілде айында жүргізілген қайталама зерттеулер зерттелген көрсеткіштер бойынша судың санитариялық талаптарға сәйкес келетінін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Еңбекші ауданы прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.


