Жауапкершілік – заңға құрметтен туындайды

Oinet.kz 05-08-2026

Screenshot_21.jpg

Жастар – елдің ертеңі, ал олардың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігі – қоғамның тұрақты дамуының басты кепілі. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына заңға құрмет, қоршаған ортаға жанашырлық және салауатты өмір салтын ұстану құндылықтарын қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы мақсатта Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастармен ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің, прокуратураның және Полиция департаментінің сала мамандары қатысып, жастармен ашық пікір алмасты. Кездесу барысында заң үстемдігінің қоғамдағы орны, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет пен қоғамдық ортадағы қауіпсіздік, есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зияны, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар нақты мысалдар келтіре отырып, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы мен табиғатты қорғауға қосқан үлесі қауіпсіз әрі өркениетті қоғам қалыптастырудың негізгі алғышарты екенін атап өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – әділетті қоғам құрудың және құқық үстемдігін қамтамасыз етудің берік негізі. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды ұлттық жоба. Бұл екі бастама өзара сабақтасып, жастардың бойында заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау және ел болашағына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады. Саналы ұрпақ – заңға бағынатын, табиғатты аялауды өмірлік қағидасына айналдырған ұрпақ.

Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Ашық форматтағы пікір алмасу қатысушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, экологиялық мәселелерге деген қызығушылығын да күшейтті. Осындай тағылымды кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, құқықтық және экологиялық мәдениетін нығайтуға, қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қауіпсіз, таза әрі заң үстемдігі орныққан Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Прокурорлар су айдындарында зерделеу жұмыстарын жүргізді
Жастардың құқықтық білімін кеңейтуге арналған акция өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу