Түнгі қаладағы тәртіп бақылауда

Шымкентте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейд ұйымдастырылды. Профилактикалық шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеуге бағытталды.
Рейд барысында полиция қызметкерлері саябақтарды, ойын-сауық орындарын және жастар көп жиналатын аумақтарды аралады. Мамандар жасөспірімдердің қауіпсіздігіне назар аударып, олардың түнгі уақытта қайда және кіммен жүргенін бақылаумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара нәтижесінде заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүрген 8 жасөспірім және тұрғын үйден тыс жерде болған 111 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 6 ойын-сауық мекемесіне қатысты тиісті шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы – тек құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алып, жасөспірімдерді қауіптен қорғау.
Рейд кезінде ата-анасының қарауынсыз қалған 4 жасөспірім анықталып, олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл ретте полиция қызметкерлері әрбір баланың қауіпсіздігі мен заңды құқықтарының сақталуына басымдық берді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы қауіпсіздік пен жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу. Өйткені баланың түнгі уақытта қараусыз жүруі оның түрлі қауіп-қатерге тап болуына себеп болуы мүмкін.
Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауға, олардың қайда жүргенінен хабардар болуға және қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әсіресе түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың қараусыз жүруіне жол бермеу – ата-ананың ғана емес, баланың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға бағытталған ортақ міндет.
Ал мұндай рейдтер құқық қорғау органдары, ата-ана және қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтіп, жасөспірімдердің заң талаптарын сақтап, қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасауға бағытталған.


