Шетелдік студентке де заң ортақ

Шымкенттегі «Мирас» университетінде білім алушыларға, оның ішінде шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтау және құқықтық талаптарды орындау мәселелеріне арналған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталды.
Кездесуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, сондай-ақ Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының өкілдері қатысты. Мамандар Қазақстан аумағында білім алып жүрген шетелдік азаматтардың құқықтық мәртебесіне, елде болу тәртібіне және заңнамада белгіленген талаптарды орындаудың маңыздылығына тоқталды.
Шетелдік студенттерге Қазақстан аумағында болу және білім алу кезінде көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен бірге өз құқықтары мен міндеттерін білу, қажетті құжаттарды уақытында рәсімдеу және белгіленген тәртіпті сақтау мәселелеріне назар аударылды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның әр мүшесінің құқықтық нормаларды білуі мен орындауына негізделеді. Бұл талап Қазақстан азаматтарына ғана емес, елімізде уақытша немесе тұрақты негізде жүрген шетелдік азаматтарға да ортақ. Сондықтан құқықтық талаптарды алдын ала түсіндіру – түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Жиында студенттерге заң талаптарын бұзудың құқықтық салдары да түсіндірілді. Мамандар жастарды күмәнді жағдайларға жол бермеуге, белгіленген тәртіпті сақтауға және қандай да бір құқықтық мәселе туындаған жағдайда құзырлы органдарға жүгінуге шақырды.
Кездесу соңында студенттер көші-қон талаптарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әсіресе Қазақстанда болу мерзімі, құжаттарды рәсімдеу және құқықтық міндеттерге қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл студенттердің ел аумағында білім алу кезеңінде сақтауы тиіс талаптарды нақты түсінуіне мүмкіндік берді.
Заң талаптарын білу – жауапкершіліктен босатпайды, керісінше оны дұрыс орындауға жол ашады. Сондықтан студенттердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтырудың бір жолы болып отыр.


