Түнгі рейд: заң бұзған орындар анықталды

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Еңбекші ауданының прокуратурасы Шымкент қаласындағы түнгі ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шара өткізді. Негізгі назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруіне, еңбек етуіне және олардың қауіпсіздігіне қатысты талаптардың сақталуына аударылды.
Рейдтің мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңмен белгіленген талаптарды бұзуына жол бермеу және оларды түрлі қауіп-қатерден қорғау мәселесі де бақылауға алынды.
Прокуратура өкілдері түнгі уақытта жұмыс істейтін бірқатар ойын-сауық орындарын тексерді. Тексеру барысында заң талаптарының сақталуына қатысты бірнеше факті анықталды. Атап айтқанда, «Delice» мейрамханасынан кальян анықталды. Ал «Grand Khadisha» банкет залында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жұмыс істегені белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл ретте рейд барысында анықталған әрбір жағдай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, белгіленген талаптардың баршаға бірдей орындалуын көздейді. Әсіресе түнгі уақытта жұмыс істейтін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарға қатысты заң талаптарының сақталуы айрықша маңызға ие. Себебі жасөспірімдердің еңбек етуі мен бос уақытын өткізуіне байланысты белгіленген талаптардың бұзылуы олардың қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.
Рейд барысында анықталған заң бұзушылықтар ойын-сауық орындарының иелері мен жауапты тұлғаларына қойылатын талаптардың жай ғана формалды норма емес екенін тағы бір мәрте алға шығарды. Қоғамдық орында тәртіп сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру – заң талаптарын орындаудан басталады.
Еңбекші ауданының прокуратурасы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы бақылау жұмыстарын жалғастырады. Түнгі уақытта жұмыс істейтін нысандардағы талаптардың сақталуы да осы бағыттағы назарда болатын мәселелердің қатарында.


