Жасөспірім қауіпсіздігі – заң назарында

Oinet.kz 23-09-2026

image.png

Тұран ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында аудан аумағында орналасқан ойын-сауық орындарында профилактикалық түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейдке құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, түнгі уақытта қоғамдық орындардағы тәртіп пен заң талаптарының сақталуына назар аударды.

Профилактикалық шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз болу фактілерін анықтау және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар ойын-сауық орындарында алкоголь өнімдерін сату және тұтыну, кальян өнімдерін пайдалану тәртібіне қатысты талаптардың орындалуы да тексерілді.

Рейд барысында кәмелетке толмағандарға қатысты 49 әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталған фактілер бойынша заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар ата-аналар мен заңды өкілдерге жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруінің алдын алу және олардың бос уақытын қадағалау қажеттігі түсіндірілді.

Профилактикалық іс-шара кезінде ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз қалған 4 жасөспірім анықталып, бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл шара ең алдымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуына жол бермеуге бағытталды.

Тексеру барысында алкоголь өнімдерін сату және тұтынуға қатысты талаптардың бұзылуы бойынша 34 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ кальян өнімдерін пайдалану және оған қатысты белгіленген талаптарды бұзу фактілері бойынша 17 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 3 кальян құрылғысы тәркіленді.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдық орындарда белгіленген ережелердің сақталуын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты талаптарды орындау – ата-ана мен заңды өкілдерге ғана емес, осындай нысандардың иелері мен қызметкерлеріне де жүктелетін жауапкершілік.

Алдағы уақытта да заң талаптарының сақталуы және жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бақылауда болады.

Жасөспірім қауіпсіздігі – заң назарында
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу