Құқықты білген жеткіншек қауіптен қашық

Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен «Qorgau» жобасы аясында №80 IT мектеп-лицейінің 9–11-сынып оқушыларымен «Құқық бұзушылықтың алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі» тақырыбында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатының мәнін жасөспірімдер арасында кеңінен түсіндіруге және олардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталды.
Кездесуге мектеп оқушыларымен қатар «Болашақ прокурор» ұйымының мүшелері де қатысты. Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу және құқықтық жауапкершілікті түсіну мәселелері талқыланды.
Жасөспірімдік кезеңде қабылданған әрбір шешімнің салдары болуы мүмкін. Сондықтан оқушыларға құқық бұзушылықтың қандай жағдайларда орын алатыны ғана емес, оның алдын алу жолдары да түсіндірілді. Қоғамдық орында тәртіп сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, жанжалға жол бермеу және заң талаптарын орындау – қауіпсіз ортаның негізгі шарттарының бірі екені айтылды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана қатысты ұғым емес. Ол әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Осы тұрғыда жасөспірімдердің құқықтық сауатын ерте жастан қалыптастыру құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі саналады.
Кездесу барысында оқушыларға интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақтық таныту және әлеуметтік желілерде құқықтық шектен аспау мәселелері де түсіндірілді. Цифрлық ортада жасалған әрекеттің де заң тұрғысынан салдары болуы мүмкін екені ескертілді.
Сонымен қатар оқушылар арасында құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты сауалнама жүргізілді. Оның барысында жасөспірімдердің құқықтық сауаты, қауіпсіздікке қатысты түсінігі және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі көзқарастары зерделенді.
Кездесудің негізгі мәні – жасөспірімдерді жазалаудан бұрын құқықтық жауапкершілікті түсінуге үйрету. Заңды білетін, өз құқығы мен міндетін түсінетін және өзгенің құқығына құрметпен қарайтын жас – қоғамдық тәртіптің берік негізі. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар Қаратау ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу ісімен сабақтастырыла жүргізілуде.


