Жас жаяу жүргінші, сақ бол!

Oinet.kz 19-09-2026

image.png

Баланың жолдағы қауіпсіздігі тек жол белгілері мен бағдаршам талаптарын білумен шектелмейді. Бұл – әрбір оқушының күнделікті жүріс-тұрысынан көрінетін жауапкершілік пен тәртіпке байланысты мәселе. Осы бағытта Абай ауданы прокуратурасының бастамасымен Патрульдік полиция полкі бірлесіп, «Жас жаяу жүргінші» жобасы аясында профилактикалық іс-шара өткізді.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға басымдық берілді.

Шара барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, көшеден өту кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптар айтылды. Полиция қызметкерлері балалардың жол бойындағы қауіпсіздігіне назар аударып, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде аса сақ болу, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпеу, бағдаршам сигналдарын сақтау қажеттігін түсіндірді.

Балалардың қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық жұмыста қарапайым ережелердің өзін күнделікті әдетке айналдыру маңызды. Мектепке барарда немесе үйге қайтарда жолды белгіленген жерден кесіп өту, көлікке тым жақын жүрмеу, жол бойында телефонға алаңдамау сияқты талаптарды сақтау оқушының өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін қалыптастырады.

Бұл ретте баланың жолдағы тәртібіне ата-ананың бақылауы да маңызды. Үйде жол қозғалысы ережелерін еске салып, көшеде өзін қалай ұстау керектігін түсіндіру арқылы ата-ана баланың қауіпсіздік дағдысын бекіте алады. Өйткені жолдағы сақтық бір реттік түсіндірумен емес, күнделікті қайталанып отыратын қарапайым әдеттер арқылы қалыптасады.

«Жас жаяу жүргінші» жобасының басты мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оқушылар арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру. Осындай түсіндіру жұмыстары балаларға жол ережесін жаттатумен шектелмей, оның өмір қауіпсіздігі үшін қажет екенін ұғындыруға мүмкіндік береді.

Жол қозғалысы ережесін сақтау – жай ғана талап емес, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне деген жауапкершілік. Сондықтан баланың жолдағы әр қадамына сақтықпен қарау, қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру – құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі.

Баланың тыныштығы – отбасының жауапкершілігі
Имамдармен кездесу өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу