Имамдармен кездесу өтті

Әл-Фараби ауданы прокуратурасының үйлестіруімен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында аудан аумағындағы 13 мешіттің бас имамдарымен кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – діни тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайту және жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау мәселелерін талқылау.
Кездесуде қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына дін өкілдерінің де қосар үлесі сөз болды. Бас имамдар мешітке келетін тұрғындармен, әсіресе жастармен тұрақты байланыста болғандықтан, олардың қоғамдық ортадағы жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Осы ретте мешіттердің тек діни рәсімдер өтетін орын ғана емес, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін рухани орта ретіндегі маңызы атап өтілді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейтіп, заң талаптарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл міндетті жүзеге асыруда қоғамның түрлі институттарының өзара байланысы маңызды. Соның ішінде дін өкілдерінің жастарға адамгершілік, жауапкершілік, үлкенді сыйлау, өзара құрмет пен бейбітшілік құндылықтарын түсіндіруі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Жиында жастардың діни сауатын арттыру, дін атын жамылған жат идеологиялардың ықпалына түспеудің алдын алу, әлеуметтік желілердегі күмәнді діни ақпараттарға сын көзбен қарау мәселелеріне де назар аударылды. Жастарға діни білімді сенімді әрі заң талаптарына сәйкес ақпарат көздерінен алу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар қоғамдағы әртүрлі көзқарастар мен әлеуметтік топтар арасында өзара сыйластықты сақтау, араздық пен алауыздыққа жол бермеу қажеттігі айтылды. Тұрақтылықтың негізі – заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Қоғамдағы татулық пен келісім бір күнде қалыптаспайды. Ол мемлекеттік органдардың, дін өкілдерінің, білім беру ұйымдарының, ата-аналар мен азаматтық қоғамның ортақ жауапкершілігі арқылы нығаяды. Осы бағыттағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар аудан прокуратурасының үйлестіруімен жалғасын табады.


