Заңдылыққа селқостық жоқ

Oinet.kz 20-09-2026

image.png

Шымкент қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында №69 тергеу изоляторында жеке құрамның қатысуымен азаптаулардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелеріне арналған жиын өтті. 

Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері және №69 тергеу изоляторының жеке құрамы қатысты. Жиын барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заң талаптарын мүлтіксіз орындауы, қызметтік өкілеттіктерді жауапкершілікпен пайдалануы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі басты назарға алынды.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты ең алдымен заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, құқық бұзушылықтың алдын алуды және мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, қамаудағы азаматтардың құқықтарын сақтау – құқық қорғау саласындағы маңызды талаптардың бірі. Қызметтік міндетті орындау барысында күш қолдану өкілеттігін заңсыз пайдалану немесе азаматтың ар-намысына нұқсан келтіру қандай жағдайда да жол берілмейтін әрекет ретінде қаралады.

Жиында азаптауға жол бермеу, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге қызмет барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатқа пайдаланбау және белгіленген тәртіп талаптарын қатаң ұстану қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында азаптау фактілері бойынша тіркелген қылмыстық істерге талдау жасалып, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар қаралды. Нақты істерді талдау арқылы заң талаптарының бұзылуы қандай салдарға әкелетіні және қызметкердің жауапкершілігі мәселелері түсіндірілді.

Сондай-ақ жеке құрамға азаматтармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтау, олардың заңды құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау қажеттігі ескертілді. Қызметтік тәртіптің сақталуы мен әрбір әрекеттің заң аясында орындалуы құқық қорғау органдарына деген қоғамдық сенім үшін де маңызды.

Жиын соңында қызметкерлерге заң талаптарын қатаң сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және қызметтік міндеттерді атқару кезінде заңсыз әрекеттерге жол бермеу жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Имамдармен кездесу өтті
Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу