Цифрлық технология жедел жәрдем жұмысын жеделдетеді

Шымкент қаласында цифрландыру жұмыстары қаланың түрлі салаларын қамтып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр. Соның бір бағыты – денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу. Қазір жедел медициналық көмек қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы шақыртуға жету уақытын қысқарту, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыс барысын бақылау мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жедел жәрдем қызметіне жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Бұл технологиялар дәрігерлердің жұмысын алмастыруды емес, олардың уақытын тиімді пайдаланып, шұғыл жағдайда қажетті шешімді тез қабылдауына жағдай жасауды көздейді.
Соның бірі – «103 Yandex Maps» жобасы. Пилоттық режимде іске қосылған жүйе арқылы тұрғындар жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын және шақырту орнына шамамен қашан жететінін бақылай алады. Әсіресе шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда жедел жәрдемнің қозғалысы туралы ақпараттың қолжетімді болуы тұрғындарға жағдайды бағдарлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қаладағы 240 смарт-бейнежетон және 120 жедел жәрдем бригадасы заманауи бейнетіркеу құралдарымен қамтылған. Бұл құрылғылар қызмет көрсету барысын тіркеуге, туындаған даулы жағдайларды объективті бағалауға және жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған жүйенің тағы бір ерекшелігі – бейнематериалдарды жасанды интеллект көмегімен талдау мүмкіндігі. Арнайы жүйе бейнебақылау материалдарын автоматты түрде саралап, тиісті ақпаратты Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына жібереді. Мұндай цифрлық шешімдер ақпаратты өңдеу уақытын қысқартып, қажет жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Шымкентте цифрлық технологияларды енгізу тек электронды қызметтер санын арттырумен шектелмей, қаланың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін салаларға да еніп келеді. Алдағы уақытта мұндай шешімдерді жетілдіру қызмет көрсету сапасын арттырып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығына бағытталған цифрлық инфрақұрылымды нығайта түспек.


