Жастарға тәуелділіктің алдын алу жолдары түсіндірілді

Oinet.kz 29-09-2026

image.png

Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен М.Тынышпаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында  жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиында нашақорлыққа, ішімдікке, лудоманияға және басқа да тәуелділіктерге жол бермеу, психологиялық тұрақтылықты сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдары түсіндірілді.

Кездесуде «SAU REHAB» оңалту орталығының аддиктолог маманы Рахымжан Бекен лудоманияға байланысты орталыққа жүгінетін азаматтардың арасында жастардың үлесі жоғары екенін айтты. Оның мәліметінше, көмекке жүгінетіндердің 35 пайызы – 16-35 жас аралығындағы жастар. Ал жалпы орталыққа келетіндердің 10 пайызға жуығын қыздар құрайды. Орталыққа жүгінушілердің ең кішісі — 16 жаста екен.

Маманның айтуынша, жастардың тәуелділікке түсуіне әртүрлі фактор әсер етеді. Соның ішінде адамның араласатын ортасы, отбасындағы тәрбие, ата-ананың баланы шектен тыс еркін жіберуі немесе керісінше, тым қатал ұстауы себеп болуы мүмкін. Жеке қарым-қатынастағы қиындықтардан кейін де зиянды тәуелділікке тап болатындар бар.

Орталықта психолог, аддиктолог және психотерапевттер бірлесе жұмыс істейді. Алдымен адамның тәуелділікке баруына не себеп болғаны анықталып, соған қарай жеке ем жоспары жасалады. Мамандардың негізгі жұмысы психологиялық қолдауға бағытталған.

Жиында жастар да өз пікірлерін ортаға салды.  М.Тынышпаев атындағы Шымкент ALT көлік  колледждің 1 курс студенті Шахзод Қалмұратовтың айтуынша, зиянды әдеттерден аулақ болуда отбасындағы тәрбие айтарлықтай рөл атқарады. Ата-аналар мұндай әдеттердің салдарын баласына ерте жастан түсіндіріп, ашық сөйлескен дұрыс дейді.

Басқосу барысында психолог А.Тұрсынбаева жастармен тренинг өткізіп, күйзелісті жеңу, эмоционалдық жағдайды тұрақтандыру, өзіне деген сенімді арттыру және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау тәсілдерін түсіндірді. Қатысушылар мамандарға сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша жауап алды.

Мамандар осындай жағдайға тап болған жағдайда жастардың қиындықты жалғыз еңсеруге тырыспай, қажет жағдайда ата-анасына, жақындарына немесе кәсіби мамандарға жүгінуге кеңес берді. 

Цифрлық технология жедел жәрдем жұмысын жеделдетеді
70-ке жуық граффити жазуы жойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу