Бала тәрбиесі ортақ жауапкершілік

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Жиынға аудан аумағындағы 30 мектептің жоғары сынып оқушылары мен 5 колледждің 1–3 курс студенттерінің ата-аналары қатысты.
Кездесуге 1 200-дей заңды өкіл, білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ювеналды полиция қызметкерлері мен психологтар жиналды. Басқосуда жасөспірімдердің тәрбиесі, мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару , құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиын барысында ата-аналарға балалардың бос уақытын қалай өткізетінін, кімдермен араласатынын, күнделікті жүріс-тұрысын бақылаудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар жасөспірімдердің ортасын білу, олардың қызығушылықтары мен мәселелеріне көңіл бөлу және тәрбиелік жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі айтылды. Мамандар ата-аналарды баламен ашық сөйлесуге, оның көңіл күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауға шақырды.
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылыққа баруының алдын алуда отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара байланысы маңызды. Жасөспірімнің күнделікті ортасы, қарым-қатынасы және бос уақытын тиімді ұйымдастыруы оның қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді дер кезінде байқап, тиісті қолдау көрсету ата-ананың тұрақты назарында болуы қажет.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы профилактикалық жұмыстардың мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау және олардың заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Бұл ретте ата-ананың бала өміріне белсенді араласуы мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы ерекше мәнге ие.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға да басымдық берілді. Ювеналды полиция қызметкерлері мен психологтардың қатысуы ата-аналарға құқықтық талаптар мен тәрбиелік мәселелерді түсіндіруге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер отбасы, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, жасөспірімдерге қатысты мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын көрсетеді.


