Әл-Фараби ауданында «STOP-RISK» жобасы жүзеге асырылуда

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы «STOP-RISK» жобасы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізді. Кездесулерде балалардың қауіпсіздігі, буллингке қарсы күрес және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі талқыланды.
Алғашқы кездесу Оқушылар сарайында ұйымдастырылды. Оған аудан аумағындағы 30-ға жуық мектептің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары мен оқушылардың ата-аналары қатысты. Жиынға келе алмаған ата-аналар Zoom платформасы арқылы онлайн қосылды.
Кездесу барысында буллингтің алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану мәселелеріне басымдық берілді. Қатысушыларға балалардың виртуалды ортадағы белсенділігіне назар аудару, интернетте кімдермен байланыс жасайтынын білу және күмәнді жағдайларға бейжай қарамау қажеттігі түсіндірілді.
Қазіргі кезде жасөспірімдер интернет пен әлеуметтік желілерді күнделікті қолданады. Бұл ортада пайдалы ақпаратпен қатар, олардың психологиялық жағдайына әсер ететін жағымсыз контент пен түрлі қауіптер де кездесуі мүмкін. Сондықтан ата-аналардың баланың онлайн белсенділігін бақылауы, цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі және баламен сенімді қарым-қатынас орнатуы маңызды.
Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мәселесі қозғалды. Жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және туындаған мәселелерді дер кезінде талқылау құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Бұл ретте отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту да маңызды.
Профилактикалық жұмыстар №65 мектепте де жалғасты. Білім беру ұйымында ювеналды полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналармен кездесу өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жасөспірімнің қандай ортада жүргені, бос уақытын қалай өткізетіні және интернетті қалай пайдаланатыны ата-ананың назарынан тыс қалмауы керек. Баланың мәселесін дер кезінде байқап, ашық сөйлесе білу құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды.


